×

Министр сахнаға мас болып шығатын әртістердің гонорарын алып қою керек деген пікірде

Өйткені сахнада мас күйінде өнер көрсететін әртістерге айыппұл мөлшері көшеде жүрген мас адамның төлейтін айыппұлына тең

 Еркеғали Болатұлы 11.07.2022 | 14:15
фото: видеодан скриншот

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қазақстандық әртістер мен концерт ұйымдастырушылар үшін айыппұл мөлшерін алатын гонорар мөлшеріне дейін арттыруды ұсынды.

Оның айтуынша, мұндай шара арқасында әртістер тарапынан болатын жағымсыз жағдайлар азаяды.

Бізге әртістердің де, концерт ұйымдастырушылардың да жауапкершілігін арттыру қажет. Қазір концерт ұйымдастырушылар мен әртістерге концерт үшін алынатын гонорар мөлшерінде айыппұл салу туралы норманы талқылаймыз. Өйткені сахнада мас күйінде өнер көрсететін әртістерге айыппұл мөлшері көшеде жүрген мас адамның төлейтін айыппұлына тең болып тұр, - деді министр журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.

Еске сала кетсек, 25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ сарайының сахнасында «Ирина Кайратовна» тобы мен рэпер Shiza-ның концерті өтті. Әртістер алғаш рет Kok tu бірлескен әнін ұсынып, Қазақстанның мемлекеттік туын төмен түсірді. Бұл оқиға үшін топ мүшесі Азамат Маркленов кешірім сұрады. Ол сахнадағы орынсыз мінез-құлықтың себебі сахнаға мас болып шығу екенін айтты.

Содан кейін сенатор Нұртөре Жүсіп әртістерді мемлекеттік рәміздерді қорлағаны және әдепсіз сөздер айтқаны үшін сахнадан 5 жылға шеттетуге шақырған болатын. Алайда Дәурен Абаев әртістердің өнер көрсетуіне 5 жыл немесе өзге мерзімге шектеу қоюға болмайтынын жеткізді. Ол шешім әртістердің елден кетуіне немесе толығымен желіге ауысуына әкелуі мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама