×

Зейнет жасын 58-ге түсіру жөніндегі әйелдер қозғалысы заңдағы гендерлік кемсітуге қарсы

2013 жылы зейнет жасы тек әйелдерге ғана көтерілді

 Ербол Тұрымбет 08.07.2022 | 18:36
Қозғалыс өкілдері, елорда

Зейнет жасын 58-ге түсіру жөніндегі әйелдер қозғалысы «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң Конституцияға қайшы келеді деп есептейді. Олар осы ойларын алға тартып Конституциялық сотқа жүгінбек. Оны қозағыс өкілдері бүгін ҚХП-мен бірге өткен жиында айтты.

«Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң Конституцияны белден басып, гендерлік кемсітуге жол беріп отыр», дейді белсенді әйелдер. Олардың айтуынша, «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңды қабылдағанда Конституцияның 2 бірдей бабы бұзылған.

Біріншісі, 14-баптың 2-тармағы. Онда «тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» делінген.

Екіншісі, 39-баптың 3-тармағында «саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бір түрде шектеуге жол берілмейді» деп тұр. 

Алайда 2013 жылы тек әйелдердің зейнет жасы 8 жасқа көтерілді. Сондықтан заңдағы әйелдердің зейнет жасын көтеру туралы жазылған абзац бойынша Конституциялық сотқа шағым түсіретіндерін айтады. 

Қозғалыс мүшелерінің бірі Ольга Смирнованың айтуынша, қазір әйелдерге зейнетке өз еркімен 55 жаста шығуға болады. Бірақ ол уақытта зейнетақы көлемі қанша теңге болатынын ешкім айтқысы келмейді. 

Қазір біздің қатарларымыз 1960 жылы дүниеге келгендер. Олардың еңбек өтілінің үштен бірі 1998 жылға дейінгі кезде қалған. Сондықтан қанша жерден жинақтаумен болсақ та 55 жаста тым болмаса 80 мың теңгемен зейнетке шыға алмаймыз. Ары кетсе, 35 мың теңге болар. Ол неге жетеді? Сондықтан зейнетақы аннуитеті бағдарламасы 1960-70 жылы туған әйелдер үшін жарамайды, дейді ол. 

Ал зейнетақы жарнасы нақты төлене бастаған шақтан бастап есептеу үшін, 10 жылдық мораторий жариялап, аннуитетті зейнетақыны 1978-80 жылдары туғандардан бастап есептеу керектігін айтады. Себебі, ковид пандемиясы салдарынан өлім-жітім көбейіп, әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы азайған. 

Сонымен қатар, белсенді әйелдер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсыныстарын қолдайды. Бірақ келіспейтін де жері барын айтады. Мысалы, «Күміс жасқа» қатысты айтар болсақ, егде жастағы әйелдерге ұсынылатын жұмыс түрлері ауыр. Мысалы, тұшпара илеушінің немесе пошта қызметкерінің жұмысы ауыр, денсаулықтары жарамауы мүмкін. Сондықтан мамандықтар тізімін бөлек қарау керек деген ұстанымда. 

Айта кетейік, қозғалыс өкілдерінің петициясына 800 мыңнан астам әйел қол қойған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама