×

Отыз жылда отыз метр кабель шығармадық – жезділік белсенді

Кеңес дәуірінде қазылған кенді екінші қайта шаюмен айналысып жатқан кезекті инвестор өнімді тағы да шикізат күйінде шетел асырып жатыр

 Еркеғали Болатұлы 07.07.2022 | 13:26

Қарағанды облысының құрамында болған жылдары Жезқазған бір адым алға жылжымады. Қайта кері кетті. Ардагер кенші Мұхамеджан Мырзабек «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұхбатында осылай деді.

Салықтың барлығы Қарағандыға кетті. Жезқазғанның мыс комбинатын өркендеткен жоқ. Мысалы сол жерден шыққан мыстан бір кабель шықпайды. Ойлаңыз, анау Ташкентте кабельный зауыт бар, ұзындығы – 3 шақырым. Алмалықтан басқа мыс шығаратын зауыты жоқ. Бірақ соны Ташкентке апарып салып қойды. Бізде 30 жылда әупірімдеп түріктер салды. Оның өзі бірде істейді, бірде істемейді. Біз соңғы өнім шығарған жоқпыз, шикізаттық база болып қалдық, - дейді Мұхамеджан Мырзабек.

Кенші ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, зейнетке шыққан Жезді кентінің шахталары да қазір жұмыссыз тұр. Кеңес дәуірінде қазылған кенді екінші қайта шаюмен айналысып жатқан кезекті инвестор өнімді тағы да шикізат күйінде шетел асырып жатқан көрінеді. Жезді кентінің әкімі кез келген инвестор оңай олжаны көздейді дейді.

«Егер де оларға Үкімет дем беріп жіберіп, «Самұрық Қазына» немесе басқа мекемелерден қаржыландырып берсе, неге алмасқа? Әр инвестор келеді, өз қалтасынан салған соң көп ақша шығындағысы келмейді. Жақын тұрған өнімді алғысы келеді» - дейді жергілікті басшы Мұратбек Жұмабеков.

Отыз жылда әбден тозған Жезді кенті туралы фильмнің толық нұсқасын жоғарыдағы видеодан көре аласыздар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама