×

Назарбаевтың батасын алған Жезді Таулы Қарабаққа айналды – Мұхамеджан Мырзабек

Сол тарихи кездесуден кейін Жездінің қуанышты болашағы емес, қарқынды тоқырауы басталды

 Еркеғали Болатұлы 07.07.2022 | 13:13

Қазақстандағы ірі марганец кеніштері бар Жезді кенті күн санап қирап жатыр. Жезқазғаннан 60 шақырым жерде орналасқан қалашық тұрғындарының саны 30 жылда 5 есеге кеміген. «Елес қалаға» айналған елді мекен туралы «Сұрауы бар» YouTube арнасының редакциясы дайындаған арнайы репортажында айтылады.

Бір қызығы, кенттің болашағына қатты сенген Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 28 жыл бұрын Жездіге арнайы келіп, батасын беріпті.

Жезді өңірінің халқына баянды бақыт, қуанышты болашақ тілеймін. Үшінші қараша, 1994 жыл деп өз қолымен жазылған, - деп сол тарихи сәтті еске алады жергілікті музей қызметкері Мұхитден Уатаев.

Алайда сол тарихи кездесуден кейін Жездінің қуанышты болашағы емес, қарқынды тоқырауы басталды дейді тұрғындар. 1997 жылы 35 мыңға жуық тұрғыны болған Жезді ауданы таратылып, Ұлытау ауданының құрамына қосылған. Бұл шешім Жездінің тамырына балта шапқан қателік болды дейді Жезді кенішінің ардагері Мұхамеджан Мырзабек.

Қарағанды облысы болып тұрғанда Жезқазған аймағына көңіл бөлінген жоқ. Әкімдер келсе, аудан орталығына ғана соғып, кетіп қалатын. Халық шулайды. Жезқазған-Арқалық жолымен адам жүре алмайды, көрсең жылайсың. Қарағандыдан әрі қарай барсаңыз, жол тақтайдай. Жезқазған жағы – Таулы Қарабақ. Қазақша айтқанда, «тоқалдан туған бала» болып қалғанбыз, - деп өкпелі Мұхамеджан Мырзабек.

Ол Жездінің бүгінгі жетім күйін, Ұлытаудың төмен әлеуетін біліксіз менеджментпен байланыстырды. Жергілікті халықтың жаңа облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлына да кеңес-өсиеттері бар. Сыр-сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама