×

Назарбаев мектебі мен «Болашақ» түлектері құмар ойынға салынып кеткен - сарапшы

Komekcenter орталығына интеллектісі жоғары азаматтар көп жүгінеді

 Наима Нұрәлі 05.07.2022 | 20:21

Құмар ойыннан айыққан адамдардың 70 пайызының ескі әдетіне қайта басуына жақындары себеп болып жатады. Сондықтан мамандар бұл жеке бастың ғана емес, тұтас отбасының проблемасы екенін айтуда. Halyq Uni тілшісі құмар ойынның салынған жандардың жағдайына үңілді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Мараттың әлсіз тұсы – лудомания. Алғашқы ұтысы кейіпкеріміздің құмар ойынға деген ұмтылысын оятқан. Ол 10 жыл ішінде 40 миллион теңгесінен айырылып отыр.

Назарбаев зияткерлік мектебін бітіргенмін. Жақсы жұмысқа да орналастым. Ата-анам пәтер, көлік сыйлады. Жұмысқа тұрғалы өз күнімді өзім көрдім. Уақыт өте келе тапқан табысымның бәрі осы құмар ойындарына кетіп жатты, - деді Марат.

Komekcenter оңалту орталығы директоры Нұрлан Тұрсынбеков құмар ойынға салынғандардың қатарында «Болашақ» бағдарламасының түлектері, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары өте көп екенін айтады.

«Басты себеп – интелекті жоғары азаматтар өздерін өзгелерден артық санайды, сондықтан ақшаны еңбекпен емес, жеңіл жолмен таба аламыз деп сенеді. Құмар ойын – дерт. «Ауруын жасырған өледі» дейміз. Сол секілді отбасында бір адам құмар ойынға тәуелді болса, оны басқа отбасы мүшелері жасыруға тырысады. Ешкімге сыр білдіргісі келмейді. Орталыққа келетін кісілердің жағдайы тым ауыр. 16 жастан 52 жасқа дейінгі азаматтар ем қабылдап жатыр», - дейді Нұрлан Тұрсынбеков.

32 жастағы Мараттың қарызы басынан асқанда мән-жайды ата-анасына айтып түсіндірген. Олар қаржылай көмек бергенімен, құмар ойынның құрығынан құтқара алмапты.

«Ұтып алсам да, қарызымды қайтарғым келмейтін еді. Әкеме қанша рет екінші ойнамаймын деп уәде бердім. Бірақ бәрі бос сөз еді. Ақырында әкем өздігімнен құмар ойыннан кете алмайтынымды біліп, осы орталықта емделесін деді» деп отыр Марат.

Психолог Аманжан Абдукаримов ойынқұмардың қарызын жабуға көмектесу арқылы оны одан сайын құрдымға итеру қаупі барын айтады.  

Ертең үстінен із қозғалып кетпесін, суицид жасап қоймасын деп балаларын аяп, қарызын жауып береді. Оларды аямау керек. Мүгедектігі бар болса, түсінікті. Ал дені сау, 32 жастағы азаматты аямай, орталықта емдету әлдеқайда көмек береді, - дейді маман.

Алты жылдан бері табысын тек құмар ойынға салатын Ернар несиеге алған 10 миллион теңгеден айырылғанда бір-ақ есін жиған. Ол бәс тігетінін, құмар ойынға тәуелділігін жылдар бойы ата-анасынан жасырып келген.

«Үнемі өзгелерден көмек күтемін. Әпкелерім басымдағы жағдайды біледі. Қарызымды жабуға көмектесті. Кейде көмектесе алмайтын. Сол кездері ренжитін едім. Бұл күйге түсуіме ата-анамнан жылулықты сезбегенім мен бала күннен жоқшылықты көріп өскенім себеп болған шығар. Құмар ойын маған қажет эмоция сыйлайтын», - деп ағынан жарылды Ернар.

Кейіпкеріміз талай жыл құрылыста еңбек еткен. Мал шаруашылығымен де айналысыпты. Құмар ойынды екінші табыс көзі ретінде санап жүріп, ақырында бар ақшасының қалайша желге ұшып жатқанын аңғармай қалған.

«Ай сайын 500-600 мың теңге түседі, бәрін ойынға тігіп жіберемін. Бұған дейін оңалту орталығында емделдім, емшіге де бардым. Психогтармен жұмыс істедім. Көмектеспеді. Себебі мен өзімді ешқашан тәуелдімін, аурумын деп ойлаған емеспін. Биыл 10 миллион теңгені ойынға тігіп, ұтылып қалғанымда дертімнің дендеп кеткенін түсіндім», - дейді ол.

Психолог Аманжан Абдукаримов ойыншылар ғана емес, олардың отбасы да көмекке зәру екенін айтады. Сарапшы көбіне емделген адамның ескі әдетіне басуына отбасы мүшелерінің бұрыс қарым-қатынасы әсер ететінін жеткізді.

«Мәселен, ініңіз игроман делік. Оны тәуелділіктен құтқару үшін жай сөзбен де айтып түсіндіресіз, ұрсып та айтасыз. Ақырында өзіңіздің жүйкеңіз бұзылады. Өкпе-реніш, бойыңызда агрессия пайда болады. Ініңізді оңалту орталығына жібересіз. Ол емделіп келсе де, сіздің сезімдеріңіз сол күйі өзгермегендіктен дұрыс қарым-қатынас орната алмайсыз. Оның соңы ініңіздің ескі әдетіне басуына алып келеді», - дейді психолог А.Абдукаримов.

Қазақ­станда құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады. Ал бір ойыншының орташа қарызы 10 млн теңгені құрай­ды. Қазақстан букмекерлер және тотализаторлар ұйымының құрамына 30-дай кеңсе тіркелген.

Кәсібімді жаптым. Малды саттым. Қазір ештеңе жоқ. Футбол, тенис, волейбол, баскетбол, жалпы барлық спорт түріне ақша тіктім. Баста 5-6 миллион теңге ұттым. Одан кейін бір ай жұмыс істеп, ақшамды алып ойынға салып отырдым. Өйткені жұмыс істегім келмеді. Оңай табуға болатынына көзім жетті. Сөйтсем оның бәрі қиял екен. Ендігі мақсатым – шындықпен өмір сүру, дейді Ернар.

Елордадағы Komekcenter оңалту орталығында әр сенбіде 12:00-де ішімдікке, нашақорлыққа салынған және құмар ойынға шырмалған кісілердің жақындарына арналған ақысыз тренингтер өткізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама