×

«Өрт сөндіруге келді, бірақ суы жоқ». Байзақтағы жарылыстан кейін жайылым тарылған

Байзақ тұрғындары көшуден басқа амалы қалмағанын жеткізді

 Ұлдана Жұбай 05.07.2022 | 15:40
фото: Halyq Uni

Былтыр 26 тамызда Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болып, салдарынан 17 адам ажал құшып, 100-ге жуық адам жарақат алды. Ал іс-түссіз кеткен әскери қызметкер Бауыржан Дәуітбаев әлі күнге табылған жоқ.

Сол қайғылы жағдайдан кейін бұл ауданнан тыныштық кетті. Биыл маусым айынан бастап тағы да дүмпу басталды. Әскери бөлімде қалған оқ-дәріні жою қайта жалғасып, жару жұмысы дүйсенбіден жұмаға дейін әр күндері өткізіліп келеді.

Жару жұмыстары Байзақ тұрғындарының берекесін қашырған. Олар жайылымның азайғанын, 2 мың гектар алқап отқа оранғанын айтып отыр. Байзақ ауданының шаруалары қызыл жалын жалмаған жайылымның шығынын кім өтейтінін білмей дал. Үздіксіз жарылыс төңіректе мал ұстаған шопандардың да мазасын қашырған. Жайылымда шөп қалмаған, енді шаруалар малдың қысқы азығын қалай қамдарын білмей отыр.

«Қаншама уақыт өтсе де, жарылыстан көз ашпадық. Қазір жарылыс даусына үйреніп кеткендейміз. Өткенде әскерилер келіп, тағы жарды. Бірақ оларда техникалық қауіпсізік деген жоқ. Қауіпсіздік болса, жайылымдық жерлер өртке орана ма? Бәрі тып-типыл болды. Жүрегің ауырады. Қыста малымызға не береміз? Онсыз да керемет өмір сүріп жатқан жоқпыз. Жығылғанға жұдырық болды. Қару қалдықтарын жоюға кім бұйрық берген? Әскерилер ме, үкімет пе? Ертең бала-шағымызға осының ортасында қалып қойса не болады? Жайылым жерде несі бар? Олар жарады да кетіп қалады. Қыста біз қайтпекпіз? Шөпсіз қалдық қой! Енді бізге шөп бере ме? Малдың азығын қайдан аламыз? Аз айлықпен өмір сүріп жүрген біздер, енді тағы да шығынға батайын деп тұрмыз ғой, – дейді ашынған Байзақ ауданының тұрғыны Мұрат Бейсенбеков.

Жарылыс салдарынан шөбі өртенген шаруалар төтенше жағдай қызметкерлерінің оқиға орнына кешігіп келгенін, өрт сөндіретін суы болмағанын айтып налыды.

Қару қалдықтарын көктем келгенде жара бастады. Сол кезде оларға түсінікті тілмен «жармаңдар!» деп айтқанбыз. Бірақ қарапайым халықты тыңдасын ба? Білгенін жасады. Енді міне, зардабын біз көріп отырмыз. Сондай бір жарылыстан кейін өрт шықты. Шыны керек, жүрегіміз ұшып кетті. Өртті дер кезінде келіп сөндірген жоқ. Содан өзіміз бас қосып, жиналып, өшіруге кірістік. Біздің өрт сөндірушілер әлі жоқ. Барлық жер тұтанып, көк түтінге айналды. Қаншама жер өртеніп жатыр. Олар біраз уақыттан кейін келді. Келгендерін қайтейін, өшіретін суы жоқ. Қалай ашуланбайсың? Сонда олар өздерін көрсетуге келді ме? Бұның бәріне әскерилердің сақтық шараларын жеткілікті деңгейде сақтамағаны себеп болып отыр», - дейді Байзақ ауданының тұрғыны Абдрахман Қаһарманов.

Ал Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегілер жайылымның отқа орануына қару қалдықтарының қатысы жоғын айтады. Айтуынша, өрт жарылыстан емес, шылымның шоғынан болған. Басқарма мамандарының есебінше, 2 мың гектар емес, небәрі 47 гектар алқап қана бүлініпті.

Байзақ ауданында дала өртінің шығуы темекінің тұқымын тастағаннан болып отыр. Сонымен бірге, күннің қатты қызуынан, шишалардың қалдықтарынан, оптикалық жарық беру салдарынан құрғақ шөптің жанған болуы мүмкін. Салдарынан, қазіргі уақытта аудандағы 47 гектар аумақ өртке оранды. Бүгінгі күні өрт толықтай сөндірілді. Тұрғындарға алаңдаушылық танытудың қажеті жоқ, - деді Жамбыл облысы ТЖД басқарма басшысы Мақсат Әкімбаев.

Ал 28/349 әскери бөліміндегілер байқаусызда снаряд сынығынан от тигенін мойындап отыр. Бірақ шығын көлемін өтейтіндей - ол шабындық жер емес, бос жатқан алқап екенін айтады. Сондықтан әскери бөлімдегілер оны шығын деп есептеп отырған жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама