×

БҚО-да 26 жылқы, 118 сиыр ұрлаған ұры бостандықта жүр

Ескендір Төлегенұлы құрған ұйымдас­қан қылмыстық топ 2015-2018 жылдар аралығын­да ­40 үйден 26 жылқы, 118 сиыр ұрлаған

 Қанат Атаманов 05.07.2022 | 05:30
Фото: uralskweek.kz

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында мал ұрлығымен айналысып келген баукеспе ұры Ескендір Төлегенұлы рақымшылықпен босатылмайтын заңмен сотталған болатын. Бірақ ол үш жыл өтпей жатып, соталған азамат басқосу жиындардың бірінде көзге түсіп қалады. 

Мал иелеріне келтірілген залал 27 миллион 295 мың теңге болған. Қылмыстық топ жетекшісі 1976 жылы туған Ескендір Төлегенұлына Қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-бөлігі 1, 3-тармақтары (Қыл­­мыстық топ құру және аса ірі мөлшерде ұрлық жасау) және 262-бабының 1-бөлігі (Ұйымдасқан топты немесе қыл­мыс­тық ұйымды құру, сол сияқты оған немесе қылмыстық ұйымның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету) бойынша айып тағылып, 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесілген болатын. 

Қаратөбе ауданының Ақтайсай ауылында қайтыс бол­ған жігіттің садақасына бардым. Сол жиын­да ұры Ескендірді көріп, есімнен танып қала жаздадым! Бұдан бұрын ұзынқұлақ­тан «Ескендір өткен жылы қоныс колония­ға шығыпты. Ақтөбеде жүрген көрінеді. Біреулер көшеден көріпті, базардан көріпті» деген хабарды естісем де, өсек-аяң болар деп мән бермегенмін. Өйткені оның сотталған бабы рақымшылыққа жатпайды. Сонда қалай? Ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, ірі мөлшерде ұрлық жасаған қылмыскер қалайша бостандықта тайраңдап жүр?! Өз көзіме өзім сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Есік алдында, адамдардың арасында тұрғанын сол бойда ұялы телефоныма түсіріп алдым, - дейді қаратөбелік Ерболат Ситәлиев күйініп.

Өзін танып, фотоға түсіріп жатқанын байқап қалған Ескендір Төлегенұлы жүзін көлегейлеп, садақадан шыға қашыпты. Астында жол талғамайтын «джип» көрінеді. Ерболат Ситәлиев болған оқиғаны сол бойда поли­цияға хабарлаған. Полиция жедел қимылдап, Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысы аумағында дабыл көтеріп, жедел іздеу жариялаған. Сөйтіп, Ақтөбенің Қобда ауылының іргесінен ұстапты.

Қазір бұл оқиға Парламент депутат­тарының да назарына іліккен. Мәжіліс депутаттары Мәлік Құлшар мен Аман­жан Жамалов Бас прокурор мен Ішкі істер министріне хат жолдап, онда сотталушы Е.Төлеген­ұлының қоныс колониясынан шығып, көрші облыс аумағында жүргеніне кінәлілерді жазалауды сұраған.

Айта кетсек, Ескендір Төлегенұлы құрған ұйымдас­қан қылмыстық топ 2015-2018 жылдар аралығын­да ­40 үйден 26 жылқы, 118 сиыр ұрлаған екен. ­Бұл – тек тергеуде анықталған жайттар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама