×

Жаппай бүлік: Алматыда 600 жуық бейнебақылау камерасы қиратылды

Үкіметтік комиссия Алматы қаласы мен Алматы облысын қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты

 Халық үні 21.01.2022 | 10:05
фото: ашық дереккөзден

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қалпына келтіру және тәртіпсіздіктер нәтижесінде келген залалды өтеу жұмыстарының барысымен танысу мақсатында Алматы қаласы мен Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев бүгінгі таңда қалада көлік қатынасы мен азық-түлік кәсіпорындары штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, жол инфрақұрылымын қалпына келтіру бойынша қарқынды жұмыстар жүріп жатқанын хабарлады.

27 қалалық ғимаратты жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Оның ішінде 10 мемлекеттік және жеке меншік мүлік нысандары бюджет қаражаты есебінен қайта жаңартылады. Қалған 17 нысанға келген залал үлкен емес. Олар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қалпына келеді. Қалада 20 құрылыс компаниясының күшімен 9 нысанды тазалау жұмыстары жүрді. 800-ге жуық адам және 40 астам арнайы техника тартылды.

Сондай-ақ бейнебақылау камераларын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қазір бүлінген 587 бейнебақылау камерасының 434-і қалпына келді. Барлық бейнебақылау камераларын қалпына келтіру жұмыстары 21 қаңтарда аяқталады.  

Сонымен қатар Open Almaty қоғамдық қабылдауы базасында тәртіпсіздіктен зардап шеккен ШОБ өкілдеріне келген залалды өтеу мәселелері бойынша жедел желі құрылды.

Талдықорған қаласында Комиссия Алматы облысының әкімі Қ.Бозымбаевпен бірге 2 мәдениет нысанын жөндеу жұмыстарының аяқталуын тексерді. Мемлекеттік органдардың 5 ғимаратын қалпына келтіру басталды. Жұмысқа 400-ден астам адам және 14 техника тартылды.

«Атамекен» ҰКП мәліметі бойынша, өңірде 141 коммерциялық нысан зардап шекті. 120-дан астам ШОБ ұйымы қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, өздерінің негізгі қызметіне кірісті. Алматы облысы бойынша келген залалдың жалпы сомасы 16,1 млрд теңгені құрады.

Р.Скляр өңірлерді қалпына келтіру және олардың тыныс-тіршілігін жақсарту бойынша қарқынды жұмысты жалғастыруды тапсырды.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама