×

«Сот орындаушысы келсе, өзімді балталаймын». Шымкентте Өзбекстаннан келген қандастар далада қалуы мүмкін

Шаңырақ шағын ауданындағы 15 отбасы үйсіз-күйсіз қалуы мүмкін

Өзбекстаннан көшіп келген Гүлжауһар балаларымен бірге

Осыдан 10-15 жыл бұрын Өзбекстаннан Шымкент қаласына көшіп келген қандастар жемқорлықтың құрбаны болғанын айтып отыр. Соның бірі - Өзбекстанда туып-өскен Гүлжауһар Қабылбекова.

Гүлжауһар көрші елде өзбек мектебін тәмамдапты. Бірақ балаларының ана тілінде білім алуғанын қалап, 2012 жылы Шымкентке көшіп келген. Артынан азаматтық алып, Шаңырақ шағын ауданынан қандастарға деп бөлінген жерден 6 мың долларға 10 сотық учаскі сатып алған. Алайда арада 6 жылдан өткеннен кейін жердің иесі «табылып», Гүлжауһарды сотқа берген. Төрт жылдан бері соттан көз ашпаған 4 баланың анасы отбасымен тұрып жатқан үйдің әр кірпішін өз қолымен қалағанын айтады.

«Бар ақшамызды жер сатып алуға жұмсадық. Үйді ешқандай ұста жалдамай жолдасым екеуміз салып алдық. Әр кірпішін қалай құйғанымыз есімде. Күннің ыстығына қарамай үйді көтердік. Сондай еңбекпен салған үйімізді сүреміз дегенге шыдай алмаймын. Қолымда құжаттың бәрі бар. Бірақ, ол құжаттардың заңсыз екенін айтып отыр. Сонда қалай? Мен құжаттың бәрін заңды мекемелерді аралап жүріп жасаттым ғой. Егер бұл үйге сот орындаушысы келетін болса, өзімді балталаймын. Ешқайсымыз тірі шықпаймыз», - дейді ашынған Гүлжауһар Қабылбекова.

2005 жылы Қазақстанға квотамен көшіп келген қандас Қарлығаш Мырзахметова да алаяқтардың арбауына түскенін айтады. Мемлекет берген ақшаны жергілікті әкімдікте істейтінін айтқан азаматқа тапсырған. Ол Шаңырақ шағын ауданында қандастарға бөлінген жерден учаскі әперген. Алайда, құжатсыз. Сол арада жолдасынан айрылып, баласының емімен әуреленіп жүрген әйелдің құжатқа қарайтын шамасы болмапты. 2019 жылы оның да тұрып жатқан үйінің «жаңа иесі» пайда болған.

«Қазақстанға келгенде мұндай қиындыққа тап боламын деп ойламадым. Келгелі сынақтан көз ашпадым. Мен әкімшілікте қоғамдық қызметкер екенін айтқан адамға сеніп, 3 мың доллар табыстадым. Бірақ, ол құжатты сол күйі реттемеді. Енді бала-шаға, немерелеріммен далада қалайын деп отырмын», - дейді Қарлығаш Мырзахметова.

Шымкент қалалық жер сәулет және жер қатынастары басқармасындағылар Шаңырақтағы жер мәселесіне қатысты даудың барын жоққа шығармады. Басқарма басшысының орынбасары Нұрбол Жүнісбеков жерді сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы мен кейін Шымкент қаласы екі рет сатқанын айтты. Енді бұл мәселе тек соттың араласуымен ғана шешілмек.

Жер телімдері Сайрам ауданына сол округтің шешімімен берілген. Қалаға өткеннен кейін белгісіз себептермен қаладан да жер телімдері сол аумаққа беріліп кеткен. Сондықтан екі жер телімі «накладка» болып кеткен, - дейді басқарма өкілі.

Атамекеніне оралған соң жер алып, үй салған қандастар енді далада қалуы мүмкін. Өйткені, сот жерді Шымкент қаласының атынан алған азаматтардікі деген шешім шығарған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама