×

«Соңына дейін берілмеймін»: Елорда тұрғыны анасын емдету үшін халықтан көмек сұрайды

Науқасқа «асқазан жарасы» деген диагноз қойылған

 Айнұр Шошаева 28.06.2022 | 17:20
коллаж: Halyq Uni

Астана тұрғыны Серік Көлдеев науқас анасын шетелде емдету үшін қазақстандықтардан көмек сұрап отыр. Оның анасы жарты жылдан бері үйінде өз бетінше емделіп, 30 келі салмақ тастаған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Еске сала кетейік, бұған дейін жарты жылдан бері анасын мемлекеттік ауруханаға жатқыза алмай жүрген Нұр-Сұлтан тұрғыны Серік Көлдев туралы жазған болатынбыз.

Серіктің айтуынша, анасы Қайыр Көлдеева елордаға бір жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысынан келген. Қалалық емханалар медициналық сақтандыру мен тіркеусіз қабылдамаған соң бастапқыда жекеменшік клиникаға барып, тексеруден өтеді. Науқасқа «асқазан жарасы» деген диагноз қойылады.

Бірақ жекеменшік медициналық орталықтардың бағасы қымбат. Бір ай ғана бардық. Кейін Чугункадағы «Достық» медицина орталығына тіркедік. Онда да «асқазан жарасы» деген диагноз қойды. Соңғы жарты жылда ауруы асқынып кетті. Әсіресе, соңғы үш айда тамақ ішуден қалды. Барлық тамақты езіп береміз. Соның өзінде ішкен тамағын құсып тастайды. Әр 15 минут сайын лоқсып, құса береді. Қаңтардан бері 30 келіге жуық салмақ тастады. Қазір бар салмағы 25 келі ғана, - деді Серік Көлдеев.

Редакция материалды жарияланғаннан кейін Серік анасын астананың Онкология орталығына жатқызылғанын айтады.

«Бір апта бойы дәрігерлер тиісті тексеру жүргізді. Алайда кеше анамды ауруханадан үйге шығарды. Өкінішке қарай, «4-дәрежелі қатерлі ісік» диагнозын қойып, ешқандай ем жасай алмайтындарын айтты. Күтімін жасап, өлімін күту керек екен. Шетелде ғана емдеуге болады. Бірақ, әрине, біздің оған ақшамыз жетпейді. Ондай соманы таба алмаймыз. Сондықтан сіздердің редакцияларыңыз арқылы көмек сұрасам деймін. «Емдетуге ақша жоқ» деп отырғым келмейді. Соңына дейін күресемін. Берілгім келмейді. Барша қазақстандықтан көмек сұраймын», - деді Көлдеев.

Айта кетейік, қазір Серік таксист болып ақша тауып жүр. Күнделікті тапқаны анасының дәрі-дәрмегінен аспайды. 

Редакция Көлдеевтің келісімімен оның жарының банк картасының нөмірін жариялайды. Бұл отбасыға көмектескісі келетін оқырмандар келесі нөмір бойынша ақша аудара алады:

Көлдеева Құндызай Еркенқызы

Kaspi bank 4400430100487096

Тел. нөмірі 8 771 253 46 54 (Кундузай К.)

Серіктес жаңалықтары

Сараптама