×

Қаржы министрі зейнет жасын азайту мәселесі әлі талқыланбағанын айтты

Қазір Қазақстандағы әйелдердің зейнет жасы - 60,5 жас

 Дәурен Ерболат 28.06.2022 | 11:28
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкіметте зейнет жасын төмендету мәселесі әлі талқыланбағанын айтты.

Кез-келген өзгеріс талқылау мен үлкен есепті қажет етеді. Әлі ұсыныс пен талқылау болған жоқ, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бір топ белсенді әйелмен кездесіп, зейнет жасын төмендету мәселесін талқылаған болатын.

Ал вице-премьер Ералы Тоғжанов зейнет жасын қысқарту мәселесі әлі де талқыланып жатқанын айтқан еді.

Айта кетейік, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнет жасын 60 жас алты айға дейін ұлғайды. Әйелдердің зейнетке шығу жасы 2018 жылдан бастап көтерілді. Демек, 2027 жылға қарай ол ерлердегідей 63 жасқа жетуі керек. 

КЕРЕК ДЕРЕК

Қазір Қазақстанда мынадай жеңілдіктер бар:

  • Бес немесе одан көп бала туып (асырап алып), оларды он сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген әйелдер 53 жаста зейнетке шығады;
  • 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кем дегенде бес жыл Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және радиациялық қауіп аймағында тұрған әйелдер зейнетке 45 жаста шығады.
  • Жұмыс істемей, бала тәрбиесімен ғана айналысқан аналарға әр баланы үш жасқа дейін бағып-қаққаны еңбек өтілі болып жазылады (жалпы еңбек өтілі 12 жылдан аспауы керек).
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеткілікті қаржысы бар қазақстандықтар зейнетақы аннуитеті құқығын (зейнетақы қорындағы қаржысын зейнетке шықпай тұрып алу) пайдалана алады. 2022 жылғы қаңтардың бірінен бастап зейнетақы аннуитеті туралы келісімге отыру жасы 45 жасқа дейін төмендеді. Бірақ аннуитет төлемдері әйелдерге 52 жастан, ерлерге 55 жастан бастап беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама