×

Бір шелекті толтыру - жарты сағат: СҚО-да тағы бір ауылға ауыз су кестемен беріліп жатыр

Мағжан Жұмабаев ауданындағы тағы бір ауылда тіршілік нәрі сағаттап, кестемен беріле бастады

 Самат Жақып 24.06.2022 | 16:17
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстанда облысында таза ауыз су мәселесі уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Әсіресе, жаз айларында мұндай жағдай тіптен қиындап кетеді. Аптап ыстық басталғалы Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Чистовское ауылы тұрғындарының берекесі қашты. Себебі мұнда тіршілік нәрі сағаттап, кестемен беріле бастады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

«АУЫЛДЫҢ МҰҢЫ – АУЫЗ СУ»

Чистовское ауылында 300-ден астам түтін бар. Бау-бақша егу маусымы басталғанда суға деген сұраныс күрт артады. Жергілікті халықтың айтуынша, дәл осы кезде ауылда судың берілуі шектеледі.

«21-ші ғасырда сусыз отырмыз дегеннің өзі құлаққа біртүрлі естіледі. Күн ысығанда жағдай тіптен қиындап кетеді. Оның үстіне жауын-шашын жақында ғана басталды. Қазіргі таңда ауылда тіршілік нәрі күндізгі сағат 13:00-ден бастап кешкі 17:00-ге дейін кестемен беріледі. Осы уақыт аралығында біз тұтынатын суымызды, бау-бақшаға, малға алып үлгеруіміз қажет. Ал қысым мүлдем жоқ деуге болады. Сыздықтап ағады. Яғни бір шелекті толтыру үшін жарты сағаттай уақыт кетеді. Ыдыс-аяқ, кір жуу қажет. Одан қалды өзіміз де жууынумыз керек қой. Бірақ, бүгінгі күніміз осындай», - дейді Чистовкое ауылының тұрғыны Светлана Луи.

Тұрғындардың басым бөлігі қалтасынан қаржы шығарып, суды үйіне кіргізіп алған. Бірақ, мұндай мүмкіндік бәрінде жоқ. Таза судан тапшылық көрген тұрғындар орталыққа арнайы жиналып, жауаптыларға талаптарын қойды. Кездесу барысында «Есіл Су» филиалының өкілі Виктор Мелешев халыққа суды кестемен беруге мәжбүр екендігін жеткізді. Өйтпеген жағдайда басқа елді мекендерге су мүлдем жетпей қалуы мүмкін. Оның үстіне маман соңғы кездері таза суды рәсуа жасайтындардың саны артып, керісінше өзгелердің қамын ойлағандардың қатары азайып кеткендігін алға тартты.

«Қазір аудандағы ауылдарда су қоры жоқ. Яғни халық ішуге де, бау-бақшаға, малға да оны магистральдан алады. Соның кесірінен, әсіресе жаз айларында қысым күрт төмендеп кететінін рас. Сондықтан біз оны уақытша тоқтатуға мәжбүр болып отырмыз. Қазір біздің магистраль арқылы 16 ауылға су барады. Егер осылай кестемесек шектемесек, басқа елді мекендерге тіршілік нәрі жетпей қалуы ықтимал. Айта кету қажет, ең шеткі ауыл осы жерден 50 шақырым қашықтықта орналасқан», - дейді «Есіл су» филиалы Булаев өндірістік учаскесінің басшысы Виктор Мелешев.

АУЫЛДАҒЫ СУ ЖИНАЛАТЫН РЕЗЕРВУАР ЖЕКЕНІҢ ҚОЛЫНА ӨТІП КЕТКЕН

Жалпы Чистовское ауылында су жиналатын арнайы резервуар бар. Бірақ нысан әбден ескірген, жөндеуді қажет етеді. Ол қазір жергілікті ауыл шаруашылығы серіктестігіне тиесілі. Тұрғындардың айтуынша, кәсіпкерлердің бірі оны 90-шы жылдары жекешелендіріп алған.

«2017 жылы ауылдағы жалғыз резервуар тазартылды. Содан бері «Чистовский» ЖШС онда су жинайды. Кейін тіршілік нәрін өзінің қажеттілігіне ғана пайдаланады. Малына береді. Тіпті кейде алқабын да суғарады. Сондықтан жұрт сол кісінің жауапсыздығынан ауылға су жетпей қалады ма деп күдіктенеміз», - деді Чистовское ауылының тұрғыны Тамара Захарова.

АУЫЛДА СУ ТАРАТУ ЖЕЛІЛЕРІН ЖАҢҒЫРТУҒА 27 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ ЖҰМСАЛҒАН

Аудан орталығынан небәрі 20 шақырымдай ғана жерде орналасқан ауылда су тарату желілері 2019 жылдан бастап қайта жаңғыртылып жатыр. Бұл мақсатқа қазынадан 27 миллион теңге қаржы бағытталған.

«Негізінен бұл ауылда 30 жыл су болған жоқ. Осыған дейін мұнда тіршілік нәрі көлікпен тасымалданатын. 2020 жылы бюджеттен ақша бөлініп, су тарату желілері салына бастады. Бірақ қазір оны ешкім меншігіне алғысы келмейді. Сондықтан осындай мәселе туындап отыр. Ал «Чистовский» ЖШС-ның қарамағындағы резервуар жаңа су тарату желісіне қосылмаған. Сондықтан ол нысан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының балансына берілуі керек. Содан кейін ғана барып облыстық не болмаса республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Яғни құбыр жалғанып, артынша мұнара да салынуы мүмкін», - дейді Чистовское ауылдық округінің әкімі Рашид Хасенов.

Мәселе шешілмесе, жаңа су мұнарасын орнату қажет болады. Ал ол үшін кем дегенде тағы 10 миллион теңгедей қаражат қажет.

«Бірнеше ауыл тұрғындарына мәселені түсіндіру үшін биыл кездесулер өтті. Сол кезде судың кестемен берілетіні айтылды. Халық бұл мәселеден құлағдар. Бүгінде елді мекендегі «Чистовский» ЖШС директорымен арнайы келісім бар. Яғни алдағы уақытта резервуар тексеріліп, жөнделеді деген жоспар бар. Артынша бәрі жақсы болса су сонда жиналып, халыққа таратылатын болады», - деді Мағжан Жұмабаев аудандындық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Қыраубаев.

Жалпы Мағжан Жұмабаев ауданында қазір ауыз су мәселесі өзекті. Ауылдарды айтпағанда аудан орталығы – Булаев қаласында да жаз мезгілінде таза су тапшылығы бар.

Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысындағы 357 елді мекенде халық тірішілік көзін құбырдан тұтынады. 263 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау желілелір бар. Ал, 16 ауылға су көлікпен тасымалданады. Жалпы өңір бойынша сапалы сумен жабдықтау 88 пайызды құрайды. Сондай-ақ еліміздегі ең ұзын су магистарлі теріскейде орналасқан. Бүгінгі күні оның басым бөлігі тозған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама