×

Қызылордада жан басына 1 келіден берілетін қант 1 сағатта таусылып жатыр

Тұрақтандыру қорының қоймасында 3 аптаға жететін қант бар

 Еркеғали Болатұлы 21.06.2022 | 10:16
фото: ашық дереккөз

Қызылордада тұрғындар 36 әлеуметтік дүкенде 370 теңге тұратын қантты алу үшін кезекке сағаттап тұруға мәжбүр. Күннің аптап ыстығына қарамастан, халық таңғы 7-ден бастап дүкендердің алдын торуылдайды. Себебі өзге сауда орындарында қант 2 есе қымбат.

Бір қызығы, әлеуметтік дүкендерде жан басына 1 келі қант қана беріледі. «Астана» телеарнасының хабарлауынша, оны да өз пайдасына жаратып жатқандар бар. Саудагерлер камераға айтуға келіспегенімен, күнде 1 адамның қайталап келіп тұратынын жасырмаған.

Жалпы, Қызылорда өңіріне қант Тараз, Алматы қаласынан және Ресейден тасымалданады. Жауапты басқармадағылар көршілерден келетін жүйенің бұзылуы бағаның шарықтауына әсер етті деп, тапшылықты да сонымен байланыстырып отыр.

Қолымызда 680 тонна қант сатып алу жөніндегі келісімшарт бар. Қазір 3 вагоны келді. Апта сайын кестеге сәйкес қант жеткізіліп тұратын болады. Алайда толық қамтамасыз ету қиындау болып тұр. Республикамызда 4 қант зауыты шығарып үлгермей жатыр, - дейді Қызылорда облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Қазір тұрақтандыру қорының қоймасында 3 аптаға жететін қант бар екен. Ал одан кейінгі жағдай қалай болатынын ешкім нақты айта алмайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама