×

Ресейлік журналистің Нобель медалі 103 млн долларға сатылды

Түскен қаражат ЮНИСЕФ қорына аударылады

 Динара Амантай 21.06.2022 | 10:19
Фото: scoopnest.com

Нобель сыйлығының лауреаты, ресейлік «Новая газета» басылымының бас редакторы Дмитрий Муратовтың медалі Heritage аукционында 103,5 миллион долларға сатылды. Аукцион Манхэттендегі New York Times медиа орталығындағы аукцион үйінің сайтында өтті.

Аукцион басталмас бұрын Дмитрий Муратов өз марапатын сатуға дайынсыз ба деген сұраққа «иә» деп жауап берді. ТАСС басылымының мәліметінше, бастапқы баға 700 мың доллардан басталды. Бірақ бірнеше минут ішінде медальға ұсыныс бірнеше миллион доллардан асып кетті. 16,6 миллион доллар сомасынан кейін телефон арқылы белгісіз сатып алушы 103,5 миллион долларды ұсынып, оның бағасынан ешкім асып түсе алмады. Барлық қаражат ЮНИСЕФ халықаралық қорына аударылады.

Бұл сатылымдағы баға ұсынысы бұған дейін өткізілген аукциондағы Нобель медалін сату рекордынан 20 есе асып түсті – 2014 жылы Christie's аукционында ДНҚ молекуласының құрылымын ашқан америкалық биолог Джеймс Уотсонның наградасы 4,76 миллион долларға бағаланған еді.

Айта кететін жайт, 2021 жылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын журналистер - «Новая Газета» ресейлік басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов пен филиппиндік Rappler басылымының негізін қалаушы Мария Ресса «демократия мен бейбітшілік орнату үшін басты шарт болып табылатын өзін-өзі көрсете алу мүмкіндігі мен сөз бостандығын қорғауға» қосқан үлесі үшін алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама