«АрселорМиталл Теміртаудағы» апат: 2 басшы қамауға алынды
Биыл 10 маусымда кәсіпорындағы металлургиялық пешті жөндеу кезінде 4 жұмысшы қаза тапқан
«АрселорМиталл Теміртау» АҚ-да болған қайғылы оқиғаға байланысты 2 басшы қамауға алынды, деп хабарлайды Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бүгінде полицейлер қылмыстық істі тергеп жатыр.
Тергеуді жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды. Олар өндірісте болған қайғылы жағдайды тергеуде. Қылмыстық істі тергеу барысында мекеме жұмысшылары, сондай-ақ өндіріс кезінде қауіпсіздік шараларына жауапты тұлғалардан жауап алынды. Жиналған материалдардың негізінде Қылмыстық кодекстің 277-бабы («Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік шараларын бұзып, абайсызда екі немесе оданда көп адам өліміне әкеп соққан») бойынша қауіпсіздік шараларына жауапты 2 басшы ұсталды, - деп жазылған хабарламада.
2022 жылғы 19 маусымда Теміртау қаласының тергеу сотымен күдіктілерге қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қабылданды.
Айта кетейік, осыған дейін «АрселорМиталл Теміртау» АҚ-да апат болып, 4 жұмысшы қаза тапқаны хабарланған еді. Сондай-ақ депутаттар кәсіпорын басшыларын жауапқа тартуды талап еткен болатын.