×

«АрселорМиттал Теміртаудағы» апат: депутаттар Үкіметке талап қойды

Соңғы жылдары кәсіпорында апат жиі тіркелуде

 Дәурен Ерболат 15.06.2022 | 15:28
Фото: inbusiness.kz

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның бірінші басшылары жауапкершілікке тартылуы керек. Бүгінде олар тек асыраушысынан айырылған қазақстандықтарға тек өтемақы төлеп отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

AMANAT фракциясының депутаты сауалын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдады.

Халық «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ында болған апатқа алаңдап отыр. Онда 4 адам қаза тапты. «Абай» шахтасында болған қайғылы оқиғаға қатысты тергеу аяқталмастан тағы бір трагедия болды, - деді депутат.

Оның айтуынша, соңғы 10 жылда кәсіпорында 20-дан аса апат болып, 41 адам зардап шеккен. Ал 16 жылда компанияға тиесілі шахталарда 109 адам қаза тапқан.

Апат себептері

Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ында апат жиілеп, жұмысшылар өндірісте көп жарақат алатын болды. Бұл металлургия комбинатының өндірістік кешенін және көмір шахталарын тиісті жағдайда ұстау жөніндегі іс-шараларды толық қаржыландырмау салдарынан болып отыр, - деді Ерлан Саиров.

«Шетелдік жұмысшылардың жалақысы жоғары»

Сондай-ақ ол кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі сақталмайтынын атап өтті.

«Көптеген проблема кадр саясатымен байланысты. Мысалы, кәсіпорындағы әртүрлі позицияға шетелдік жұмыс күші тартылады. Олар уақытша жұмыс істейді. Шетелдік және қазақстандық қызметкерлердің жалақысында теңсіздік бар», - деді депутат.

«Басшылар жауапкершілікке тартылсын»

Оған қоса Ерлан Саиров «АрселорМиттал Теміртау» басшыларын жауапкершілікке тартуды ұсынды.

«Кәсіпорынның бірінші басшылары асыраушысынан айрылғандарға тәртіптік жауапкершілікке де тартылмайды. Тек өтемақы төлеп құтылады. Біз шетелдік компанияға қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығына ақшаны үнемдемеуге жол бермеуіміз керек», - деді депутат.

«Кәсіпорын халыққа есеп берсін»

Осыған байланысты ол Үкіметтің шұғыл шаралар қабылдау керектігін атап өтті.

«1. «Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы» заңға сәйкес «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өндірістік кешеннің жай-күйіне жүргізілген техникалық аудиттің қорытындылары туралы Мәжіліске және халыққа есеп берсін;

2. Жүргізілген аудит негізінде комбинатта апат болмас үшін инвестицияның қажет көлемін анықтау, сондай-ақ Лакшми Миттал мырзадан кәсіпорынның өндірістік базасын қалпына келтіруді талап ету;

3. Өндірісте апаттың, адам өлімінің жиі тіркелуіне байланысты кәсіпорынның бірінші басшыларын жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру», - деді Ерлан Саиров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама