×

Атажұртын аңсап СҚО-ға келген Ерғали Жәкеев басқа өңірге қоныс аударғалы жатыр

Жайылымнан тарлық көрген қандас қазір төрт түлік малын жаппай сатып жатыр

 Самат Жақып 16.06.2022 | 13:46
Ерғали Жәкеев, тұрғын

Солтүстік Қазақстан облысында жер дауы күннен күнге ушығып барады. Өңір тұрғындары шартты жер үлестерінен қағылып, пайынан айырылып жатқандары былай тұрсын, енді бұқара мал бағатын жайылымдық жер таппай сенделіп жүр. Аталған мәселенің көтерілгеніне бірнеше жыл болды. Алайда шешілетін түрі жоқ. Салдарынан халық төрт түліктерін сата бастаған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

ЖАЙЫЛЫМ ЖЕРІ ЖОҚ ШАРУА ҚАЙТІП КҮН КӨРЕР?

Ерғали Жәкеев Өзбекстаннан атажұртын аңсап келген азаматтардың бірі. Қандас осыдан жиырма шақты жыл бұрын Қызылжар ауданына қарасты Рассвет ауылына қоныс аударған. Ешкімге алақан жайып, масыл болған емес. Алғашқыда қой шаруашылығымен айналысып, кәсібін дөңгелеткен. Артынша ірі қара ұстап, Зеңгі баба төлдерін көбейткен. Бірақ мал саны артқан сайын, сәйкесінше оның проблемасы да көбейген. Өйткені оларға қысқа жем-шөп дайындау қажет. Ал жазда өріс жоқ. Қазір азамат қорадағы төрт түлік малын жаппай сатып жатыр. Осылайша отбасымен Қостанай облысына көшіп кетуді жоспарлап отыр.

«2002 жылы квотамен Өзбекстаннан көшіп келген едім. Қарап отырсам жиырма жыл осы жерде малдың арқасында күн көріппін. Соңғы үш жылда жайылым мәселесі туындап, жағдайымыз күрт қиындап кеткені рас. Былтыр жиырмадан астам сиыр сауып, күніне 150 литрдей сүт тапсыратын едім. Биыл мүлде мал бағатын жер қалмады. Округ әкімі келіп, сиырды ауылдың басқа жағына бағуды нұсқады. Сонау жақтан айдап әкелемін дегенше сиырдың сүті ағып кепей ме? Содан күні кеше 75 бас малды сатып жібердім. Басқа амалым қалмады. Жайылым былай тұрсын, шөп шабатын жер жоқ. Енді Рудный қаласына көшіп барсам ба деп отырдым. Ол жақта ауыр көлік айдасам да бір ретін табармын. Өзім Өзбекстанда тұрғанда ауыр техника айдап, жұмыс істегенмін.  Әрине аздап өкініш бар. Ішің ашиды. Қаншама мал ұстап, бәрін сатып жіберу оңай емес қой. Қазір енді 150-дей қойым қалды. Оны да ақырын саудалап жатырмын», - дейді Рассвет ауылының тұрғыны Ерғали Жәкеев.

БАҚТАШЫЛАР МАЛЫН ҚАЙДА БАҒАРЫН БІЛМЕЙДІ

Қазір бақташылар өріс таппай қиналып жүр. Төрт түлік мал ауыл маңына жайылса, жергілікті билік жауапқа тартамыз деп қорқытады. Олардың талабын орындамасаң, айыппұл арқалауың ғажап емес.

Бағатын жер қалмады. Ана жаққа апаруға болмайды. Ағаштың баурайына жаюға орманшылар рұқсат бермейді. Ауыл іргесінде де баға алмайсың.  Әкім болса, қасымдағы бақташыларға айыппұл саламыз деп қорқытқан екен. Қазір малдарға обал енді, - дейді бақташы Талғат Ертаев.

Жаны қысылып, шырылдап жүрген шаруалардың бірі - Ақан Барлыбаев. Осыдан бірнеше жыл бұрын Рассвет ауылдық округінен оған жер берілген. Оның бір бөлігіне азамат көпжылдық шөп егіпті. Бірақ ол аумақты биыл басқа кәсіпкер иемденген екен. Енді қысқа малына азық, жазда өріс таппай тарығып отыр.

«Ауылдық әкімдіктегілер осыдан екі жыл бұрын бізге жайылымдық және шөп егуге жер берді. 75 гектар аумаққа мен жеке қаражатымды жұмсап, қымбат шөп ектім. Енді оны қазір шаба алмай отырмын. Себебі биыл ол учаскелерді қайта тартып алмақ. Енді не істерімізді білмейміз. Соңғы 20 жылда маңдай терімді төгіп жылқы санын 450-ге жеткіздім. Мемлекет біз секілді шағын шаруаларды қолдамаса, оларды қайда бағып, қалай асырауым керек? «Жылқылар ана жерді баспасын, мында бармасын» деп бақташыларыма қысым көрсетеді. Ауыл әкімі елді мекеннің екінші жағындағы тақыр жерге апарып жайыңдар деп кеңес беріп жатыр. Ол жақта егін бар. Тіпті кейбір кәсіпкерлер картоп отырғызып қойған. Онда табын кірсе, бүкіл егістікті бүлдіреді. Аудан прокурорына арыздандым. Ол осы айдың 25-де ауылға келетіндігін жеткізді. Ал мәселе шешілмесе, енді малдарды сатамын. Өйтпеске басқа шара жоқ. Салдарынан қаншама азамат жұмыстан айырылуы мүмкін», - дейді шаруа Ақан Барлыбаев.

2020 ЖЫЛЫ КОНКУРС ДҰРЫС ОЙНАТЫЛМАҒАН

Мәселені білмек болып ауыл әкім Абай Шайменовпен сұқбаттаспақ болдық. Бірақ мемлекеттік қызметкер түскі ас уақытында тілшілермен сөйлескісі келмеді. Белгілі болғаны 2020 жылы жер учаскесін беру үшін ойнатылған конкурс дұрыс өтпеген. Енді Қызылжар аудандық әкімдігіндегілер бұл мәселені шешуге ат салысатынын жеткізді.

«2020 жылы конкурс өтіп, жер комиссиясы шаруаға бұл жерлерді берді. Бірақ Үкіметтің қаулысына сәйкес ауыл маңындағы бұл учаскелер қазір мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Соңғы бірнеше жылда біз пайдаланылмай жатқан бес мың гектар жерді анықтап, әкімдік балансына өткіздік. Әрине аталған сұрақ өзекті. Дегенмен, бос жатқан жерлерді шаруа қожалықтары өз еріктерімен қайтармаса, сотқа жүгінеміз. Бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Алдағы уақытта оң шешіледі деген ойдамыз. Өйткені арбаны да сындырмай, өзгізді де өлтірмеуіміз қажет», - дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева.

КӨРШІ АУЫЛДЫҢ БАҚТАШЫЛАРЫ ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР БОЛМАҒАН СОҢ ЖҰМЫСТАН БАС ТАРТТЫ

Аталған ауданға қарасты Новокаменка ауылының тұрғындары да төрт түлік малын аштан қырылып қалмаса екен деп алаңдаулы. Өйткені жайылымдық жер жылдан жылға қысқарып барады. Мал егінге түсіп, айыппұл арқалаған бақташылар жұмыстан бас тартып жатыр.

Малды жаятын жер жоқ. Жайылым аумағында биыл шөп шықпай қалды. Соңғы жылдары құрғақшылық. Сәйкесінше малдар арық. Аз ғана уақытқа қараусыз қалып қойса, егінге барып түседі. Жер болмаса, малды қалай бағамын? Сондықтан жұмысымнан бас тарттым, - дейді Дархан Әбілдаев.

Жайылымдық жердің жоқтығынан Новокаменка ауылы тұрғындарының малы жолдың маңын жағалайды. Диқандар елді мекеннің айналасына егін егіп тастаған.

«Ауыл маңындағы жердің бәрі шаруашылықтардың қолында. Мәселені айтып талай мәрте әкімдікке бардық. Бірақ нақты көмек болмай тұр. Сиырлардың өзі кешке 3-4 литр ғана сүт береді. Ал көктемде 3 есе көп еді. Сиырдың сүті тілінде дейді ғой. Сондықтан азық болмаған соң, өнім де жоқ», - дейді Новокаменка ауылының тұрғыны Сабыр Сайдоллаев.

АУЫЛ ХАЛҚЫ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫНАН ЖЕРДІ ЖАЛҒА АЛУҒА МӘЖБҮР

Ауылда шаруа қожалықтарының арасында жергілікті халыққа жерді жалға беріп отырғандар да бар. Бірақ ол жерлерде де жағдай айтарлықтай мәз емес.

«Жергілікті шаруа қожалықтарынан 12 гектар жерді жалға алдық. Ол жерде де шүйгін шөп жоқ. Ал, мал аш болса өледі. Сосын оны не істейміз? Базарға апара алмайсың, арық малды да ешкім алмайды. Қоқысқа сүйреп тастаудан басқа амал жоқ. Қазір енді бағып отырған малымыз қырылып қала ма деп қорқамыз», - дейді Новокаменка ауылының тұрғыны Дүйсембай Құрманғалиев.

Қазіргі таңда Новокаменка ауылында мың басқа жуық мал бар. Есеп бойынша оларға жоқ дегенде 1500 гектар жайылым қажет. Жергілікті әкім де бұл мәселені жоққа шығармайды. Сондықтан билік өкілдері шаруа қожалықтарынан жерді тәркілеуді бастаған.

«Бізге 690 гектар жер керек. Қазір ауылдың маңындағы Перепечин жеке кәсіпкерінен жерді қайтарып жатырмыз. Бірақ бұл аздық етеді. Қосымша қайтаратып алатын жер жоқ. Сондықтан әкімдік басқа шаруашылықтармен меморандум жасасып, қосымша 300 гектар алқапты сұрап отыр», - дейді Архангельское ауылдық округінің әкімі Ирина Рыбакова.

Бүгінгі күні Қызылжар ауданында жауаптылар жайылымдық және шабындық жері бар, бірақ малы жоқ шаруашылықтарды тексеріліп жатыр. Яғни бос жатқан жерлер сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылмақ. Басқа амалы жоқ. Себебі Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдардың көбінде аталған мәселе өткір. Тек Қызылжар ауданы бойынша мал бағуға 30 мың гектар жер жетіспейді екен.

Жалпы Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында. Біздің елдің аумағына бес Франция, үш Түркия және жеті Жапония сиып кетеді. Алайда 19 миллион халқы бар елдің тұрғындарына жер аздық етіп отыр. Өйткені ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылатын жерлердің басым көпшілігі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама