×

«1400 адамды кіргізбей жатыр»: қаржы пирамидасына алданғандар комиссияға сенбеді

Келтірілген залал – 7 миллиард теңге

 Еркеғали Болатұлы 14.06.2022 | 14:32
фото: ашық дереккөз

Алматыда қаржы пирамидасына алданған тұрғындар қалалық прокуратурада шу шығарды. Олар осыдан бір жыл бұрын ұсталған L-Capital басшыларын отбасылық жағдайға байланысты бостандыққа жіберген құзырлы органдардың шешіміне наразы.

Осыдан 3 жыл бұрын олардың бірі үйін сатып, бірі несие алып, ірі компаниялардың акцияларын иемденеміз деген үмітпен қаржы пирамидасына қомақты қаражат құйып отырған. Бірінші клиенттері кәдімгідей дивиденд алып жүрген. Алайда салымшылар саны 15 мыңнан асқан соң, пирамида ақша үлестіруді тоқтатқан. Пайдаға кенелеміз деген сол жұрт қазір қаражатты өндіре алмай, зар еңіреп жүр.

Еске сала кетсек, былтыр компанияның негізін қалаған 6 адам ұсталған еді. Алайда прокуратура бұлтартпау шарасын отбасылық жағдайға байланысты жеңілдеткен. Бастапқыда консалтинг компания ретінде тіркелген ұйым жарты миллиард теңгеге жуық пайда тапқан. Кейбір дереккөзге сенсек, қазір іздеудегі құрылтайшылар Дубайда жүрген көрінеді.

Салымшылар мен қоғам белсенділері өткен аптада осы мәселемен Нұр-Сұлтандағы Бас прокуратураға барыпты. Қадағалаушы орган кеше арнайы комиссия жіберген. Енді сазға батқан салымшылар сол келген комиссия қаржы пирамидасынан пайда тапқандарды ғана қабылдап жатыр деп шу шығарды.

Пайда тапқандарды ғана комиссияның алдына кіргізеді. Қолынан қағаз жаздырып жатыр, бәрі жақсы деп. Шырылдап, бақырып тұрған әйелдерді, ақшасын ала алмай, далада қаңғып қалған 1400 адамды кіргізбей жатыр, - дейді қоғам белсендісі Бибінұр Шералиева.

Ал прокуратураның мәліметінше, L-Capital басшыларына аса ірі көлемде алаяқтық жасады және қаржы пирамидасын құрды деген екі баппен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Осы іс бойынша 12 адам күдікті деп танылған. Оның бесеуі халықаралық іздеуде жүрсе, қалған жетеуінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған. Сондай-ақ Алматы қаласы прокурорының көмекшісі Бауыржан Төлендінов елордадан келген комиссия тек пайда тапқан салымшыларды қабылдап жатыр дегенді жоққа шығарды. Оның айтуынша, аталған қаржы пирамидасынан келтірілген залал 7 миллиард теңге.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама