×

«Кресло табу керек»: жаңа министрге қызмет берді, кабинет бермеді

Әзірге өзінің қанша жалақы алатынын да білмейді

 Дәурен Ерболат 14.06.2022 | 12:24
фото: Нұрдәулет Әбікеев

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімін ақтау үшін бар күшін салып, жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Алдымен ведомство басшысы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғимараты жоқ екенін жеткізді.

Менде кабинет пен ғимарат та, кресло да, адам да жоқ. Креслоны табу керек. Кабинетті енді береді. Әзірше, біз Білім және ғылым министрлігінің ғимаратында отырмыз.

Бүгінде министрлікті екіге бөлу басталды. Бірақ бұл сәл күрделі процесс. Бізге қазір үлкен әкімшілік ауыртпашылық түседі. Бірінші мақсатымыз – министрлікті құрып алу», - деді министр Үкіметтің отырысынан соң.

Саясат Нұрбек жұмысы өте көп екенін, мемлекет басшысының сенімін ақтауға бар күшін салатынын атап өтті.

Биыл мен 41 жасқа толдым. Соңғы 15 жылда жинаған барлық ұсынысты жинақтап, өз бастамаларымды жүзеге асыруға бірінші рет мүмкіндік берілді. Іштей қобалжып тұрмын. Халқымызға қызмет етіп, ең бастысы президенттің сенімін ақтау керек, - деді ол.

Сондай-ақ министр қанша жалақы алатынын білмейтінін ашық айтты.

«Шын білмеймін. Менің келісімшартым әлі жоқ. Заң тұрғысынан министрлік әлі құрылған жоқ. Үкіметтің қаулысын дайындап, жұмысты өзіме қабылдауым керек», - деп сөзін түйіндеді Саясат Нұрбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама