×

Қарағанды облысында мал қырылған ауыл карантинге жабылды

240 бас мал дерт жұқтырып, 76 ірі қара арам өлген

 Динара Амантай 14.06.2022 | 10:37
Коллаж: Halyq Uni

Қарағанды облысының Шет ауданы Ақшоқы ауылында белгісіз аурудан ірі қара мал қырылып жатыр. Облыстық ветеринария қызметі аурудың себебін анықтау үшін тиісінше шаралар қабылдады. Әзірге ауылды қоршай карантин бекеті орнатылды.

Аталған ауылда малдың жаппай қырылуы соңғы он күнде байқалды. Ветеринарлар бұның себебін белгісіз инфекциялық аурумен түсіндіріп отыр. Ауылда 240 бас мал дерт жұқтырған, оның ішінде 76 ірі қара арам өлген, басым бөлігі - бұзаулар. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ауруға шалдыққан жануарлар кенеттен тәбеті жоғалып, жатып қалады.

Өлекселер инсинератор арқылы өртелді. Жою жұмыстары ауылдық округке тиесілі ескі мал қорымының аумағында, мүдделі мемлекеттік органдардың, аудандық ветеринариялық станция мамандарының қатысуымен жүргізілді. Ветеринарлар мал иелерімен бірлесіп, ауырған жануарларға симптоматикалық емдеу шараларын жүргізіп жатыр, – деп хабарлады Қарағанды облыстық ветеринария басқармасының баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, Ақшоқы ауылдық округінде 2,5 мыңнан астам ірі қара мал бар. Мамандар дерттің тарап кетуіне жол бермес үшін ауылдың кіреберісіне бекет орнатты. Аурудың диагнозын анықтау үшін сынама алынып, республикалық ветеринария зертханасының Қарағанды облыстық филиалына жеткізілді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында «жылқы тұмауы» салдарынан өңірдегі ауылдардың бірі карантинге жабылғанын жазған едік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама