×

«Қазақ қызы хиджаб тағып жүрген деп айту – ұлттың тарих шындығына жала жабу» - блогер

Блогер қазақ қыздарының орануына қатысты түрлі мысал келтірді

коллаж: Halyq Uni

Белгілі блогер Садық Шерімбек қазақ қыздары хиджаб кигенбе? деген сұраққа қатысты бірнеше мысал келтірді.

«Қазақ қыздары оранған ба?» деген сұраққа нүкте қояйық осымен. Сонымен, қазақ қыздары шашын жауып, (сарттар сияқты) бүркенген екен делік. Қоймай жатыр әйтпесе. Жай солай дейік те, бейтарап ізденіп көрейік. Қазақтың әлеуметтік, тұрмыстық және рухани күйін жыр-дастаннан артық сипаттаған ештеңе жоқ шығар», дейді блогер.

Ендеше, халық жырларындағы «хиджаб бүркенген» аруларымызбен таныс болыңыз: 

ТӨЛЕГЕННІҢ ҒАШЫҒЫ «ХИДЖАБТАҒЫ» ҚЫЗЖІБЕК
Көш алдындағы сұлудың
Он қыз нөкер қасында.
Өзі он бес жасында.
Ақ маңдайы жалтылдап,
Тандай көзі жарқылдап,
Алтын шашбау шашында.
Сол сұлудың шаштары,
Қоғалы көлдің құрағы.
Көз сипатын қарасаң,
Сегіз пейіш ішінде,
Хорлардың жаққан шырағы.
Қырық нарға жүк арттырған.
Қамқа зерлі кілемді,
Жүк үстіне жаптырған
Казинелі қырық нарға
Жібектен арқан тарттырған.
Дүрия бешпент белсеніп,
Бұл дүниені кең салып,
Алтынды қамшы қолға алып,
Абжыландай толғанып,
Бұралып кетіп барады.
Осы екен деп Қыз Жібек,
Жетіп келді қасына –
Базарбайдың Төлеген.

ҚОБЫЛАНДЫНЫҢ ҚАРЫНДАСЫ «ХИДЖАБТАҒЫ» ҚАРЛЫҒАШ
Жана Қобылан сөйледі:
—Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса шығар көзден жас.
Тар қолтықтан оқ тисе,
Шығады сүйеп қарындас.
Қарындасың болмаса,
Жауда қалар жалғыз бас.
Арқаңды жапқан қолаң шаш,
Шырағым, сөзге құлақ ас,
Мен кешігіп келмесем,
Сіздер де бол тілеулес.
Қараспан тауын жайлаған
Қалың қыпшақ—қарындас.
Қарлыжан, мен айналсам,
Ағызба, қалқам, көзден жас.

ЕР ТАРҒЫННЫҢ СҰЛУЫ «ХИДЖАБТАҒЫ» АҚЖҮНІС
Дынданмен шашын тараған,
Бектер мінген бедеудей,
Бауырынан жараған,
Бет-ажарын қарасаң,
Жазғы түскен сағымдай,
Ет ажарын байқасаң,
Терісінен айырған,
Арпа-бидай ақ ұндай.
Қасы жаздай керілген,
Кірпігі оқтай тігілген,
Бұралып белі бүгілген,
Қараған кісі үңілген,
Қолаң шашты, қой көзді,
Аялдағы бір сөзді...

АЛПАМЫС БАТЫРДАН «ХИДЖАБТАҒЫ» ҚАРАКӨЗАЙЫМ
Ортада отыр Қаракөз
Он бесте туған айдай боп.
Қызыл күрең реңі
Құбылып отыр шамдай боп.
Адамзаттың баласы
Туады екен мұндай боп:
Оқтаудай бойы бұралып,

Тартып қойған сымдай боп,
Сөйлеген сөзі — қырмызы
Қамырдан тартқан қылдай боп,
Сүйкеніп өтсе денесі,
Тиеді жұмсақ ұндай боп.
Арманы бар ма жігіттің,
Қосылса жары сондай боп?!
Жүрметүз деген бір қыз бар
Қыздардың жүрген ішінде.
Сүрме тартып көзіне,
Орнатқан гәуһар тісіне.
Алтын шашбау жарқылдап,
Байланған шаштың ұшына...

АЛПАМЫСТЫҢ ҚАРЫНДАСЫ «ХИДЖАБТАҒЫ» ҚАРЛЫҒАШ
Қыздың аты – Қарлығаш,
Арқасын жапқан қолаң шаш.
Ол замандағы адамда
Өзі әдемі, қаламқас.
Шашы – сүмбіл, көзі – нұр,
Жаннаттағы мысал үр.
Қарлығаштың сипатын
Ел аузында айтып жүр...

«Тағы айтам, қазақ қызы шашын бүркеп, хиджаб тағып жүрген деп айту – ұлттың тарих шындығына жала жабу деп білемін», - дейді блогер. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама