×

Мұндай ауыр жағдай әлі ешбір Үкіметтің алдында болып көрмеген – Әлихан Смайылов

Үкіметтің жаңадан тағайындалған мүшелері ант берді

 Халық үні 12.01.2022 | 08:45
Әлихан Смайылов, фото: Halyq Uni

Премьер-министр Әлихан Смайылов бастаған Үкіметтің алғашқы отырысы жаңа министрлердің ант қабылдауынан басталды.

Бүкіл еліміздің басына ауыртпалық түсіп тұрған қазіргідей күрделі кезеңде біз Мемлекет басшысының зор сенімін ақтауымыз керек. Біз – Үкіметтің жаңа құрамы, халықтың өмір сапасын жақсартуға, экономиканың өсімін сақтауға және пандемияны еңсеруге, лаңкестер мен бұзақы-тонаушылар келтірген орасан шығындарды қалпына келтіруге, елімізді жаппай дағдарыстан шығаруға бағытталған Президент тапсырмаларын орындау үшін бар күш-жігерімізді аямай жұмыс істеуіміз қажет. Бұл – осындай аса ауыр жағдайда әлі ешқандай Үкіметтің алдында болып көрмеген өте күрделі де ауқымды міндет. Халық біздің жұмысымыздан нақты нәтиже күтеді, — деді Ә. Смайылов.

Бүгін Премьер-министр Әлихан Смайылов бастаған Үкіметтің алғашқы отырысы жаңа министрлердің ант қабылдауынан басталды. Атап айтқанда, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Әділет министрі Қанат Мусин, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ант берді.

Қазақстан Республикасының халқы мен президенті алдында өз Отаным Қазақстан Республикасының экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін! – деді жаңадан тағайындалған министрлер.

11 қаңтар күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің жаңа басшысын тағайындады. Сол күні Мемлекет басшысы Үкіметтің жаңа құрамын бекітті. Министрлердің көбі өз орнында қалды. Бірқатар ведомствоға жаңа басшы тағайындалды.

ҮКІМЕТТІҢ ЖАҢА ҚҰРАМЫ

Роман Скляр – Премьер-министрдің бірінші орынбасары;

Ералы Тоғжанов – Премьер-министрдің орынбасары;

Мұхтар Тілеуберді – Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі;

Бақыт Сұлтанов – Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі;

Ғалымжан Қойшыбаев – Премьер-министр кеңсесінің басшысы;

Мұрат Бектанов – Қорғаныс министрі;

Ерлан Тұрғымбаев – Ішкі істер министрі;

Асқар Омаров – Ақпарат және қоғамдық даму министрі;

Ербол Қарашөкеев – Ауыл шаруашылығы министрі;

Қанат Мусин – Әділет министрі;

Асхат Аймағамбетов – Білім және ғылым министрі;

Ажар Ғиният – Денсаулық сақтау министрі;

Серік Шәпкенов – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;

Қайырбек Өскенбаев – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі;

Ерұлан Жамаубаев – Қаржы министрі;

Дәурен Абаев – Мәдениет және спорт министрі;

Юрий Викторович Ильин – Төтенше жағдайлар министрі;

Әлібек Сакенұлы Қуантыров –  Ұлттық экономика министрі;

Бағдат Мусин – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі;

Серікқали Брекешев – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі;

Болат Ақшолақов – Энергетика министрі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама