×

Сегіз жылда 8 әкім ауысқан ауылға жедел жәрдем келуі қиын

Петропавл іргесіндегі ауылдың жолын күрделі жөндеуден өткізуге 1 млрд теңгеге жуық қаражат керек

 Самат Жақып 10.06.2022 | 14:19
фотолар: Halyq Uni

Петропавл іргесінде орналасқан Шаховское ауылында жол жоқ. 260-тан астам түтіні, 700-ден астам халқы бар елді мекен тұрғындары өркениеттен тыс қалғанына наразы. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде бұл ауылды қаламен жалғайтын күре жол мүлде күрделі жөндеу көрмеген.

«Мұнда көшіп келгеніме сегіз жыл болды. Ұлым қалада жұмыс істейді. Көктем-күзде жыл сайын әкім келіп, мәселеміздің шешілетініне уәде береді. Қателеспесем сегіз жылда 8 әкім ауысты. Осыдан екі жыл бұрын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізгендей болып еді. Бірақ ол қуанышымыз көпке созылмады», - дейді Шаховское ауылының тұрғыны Кубар Ахметова.

Шаховское ауылы облыс орталығынан небәрі 14 шақырым қашықтықта орналасқан. Жергілікті халықтың басым бөлігі Петропавл қаласында жұмыс істейді. Бірақ қатынау өте қиын. Жедел жәрдем қызметі де уақытылы келмейді, қоғамдық көліктің де қатынауы қиын.

«Қалаға барып келудің өзі мұңға айналды. Көлігіміз жиі бұзылады. Жолды әні-міні жөндейді деп айтады. Бірақ бәрі сол күйінде тұр. Биыл мамыр айында жұмыс басталуға тиіс еді. Ал қазір маусым айының ортасы болды, еш қимыл байқамадық», - дейді Шаховское ауылының тұрғыны Татьяна Сухачёва.

Жергілікті әкімдік өкілдері халықпен кездесіп, жөндеу жұмыстары келесі аптада басталатынына сендірді.

Шыдаңыздар, аз ғана уақыт қалды. Орташа жөндеу жұмыстары жақында басталады. Ол үшін 118 миллион теңге қаржы бөлінді. Күрделі құрылысқа да қосымша қаражат бағытталады, - дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева.

Мамандар жолды екіге бөлген. Яғни жартысына жуығы қайтадан жаңартылады. Ал қалған бөлігіне орташа жөндеу жүргізеді.

«Биылғы күрделі жөндеу жұмыстарына әзірге 150 млн теңге қарастырылып отыр. Егер ауа райы жақсы болып, жұмыс уақытылы жүргізілсе қосымша қаржы бөлінуі мүмкін. Жалпы осы жолды түбегейлі жаңғырту үшін шамамен 900 миллион теңгедей қаржы қажет», - дейді әкімдік өкілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама