Бұған дейін кәсіпкер 6 жылға сотталды
Бұған дейін 6 жылға сотталған кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың үстінен жаңа қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазірге дейін Боранбаев мемлекетке 134,5 млрд теңге қайтарған. Агенттік тергеу жүріп жатқан іс негізінде қайтарылған активтерге қатысты өзгеріс болуы мүмкін екенін айтты.
Қылмыстық іс әлі аяқталған жоқ, тергеу жүріп жатыр. Қайрат Боранбаев сот үкімі аясында сотталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бастапқыда бас бостандығынан айырылғаны, кейіннен бас бостандығынан шектеу жазасына ауыстырылғаны белгілі. Бұл өзгеріс оның шығынды толық көлемде өтегеніне байланысты қабылданды, - деді Жеңіс Елемесов.
Төраға орынбасарының айтуынша, Боранбаевты қамауға алуға қажеттілік жоқ.
Ол бюджет қаражатын жымқыру, салық төлеуден жалтару әрекеті бойынша күдікке ілінген, - деді Елемесов.
ҚАЙРАТ БОРАНБАЕВ ІСІ
2023 жыл Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың соттағы ісімен басталды. 4 қаңтарда өткен сот отырысында ол өзінің елден қашуға оқталғанын жоққа шығарды, өзінің таңғы 5-те ұсталғанын, алайда түнгі уақытта ұшуы керек болғанын айтып ақталды.
Елден неге қашамын? Осында дүниеге келдім, ер жеттім. Әкем осында жерленген. Анам осында, бизнесім де осы жерде. Қайда қашамын?, - деді Боранбаев журналистерге.
Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Ибулла Сердіге қатысты қылмыстық іс жарты жылдан аса уақытқа созылды. Оларға газды жеткізу барысында мемлекеттің 14,5 млрд теңге қаражатын жұмсады деген айып тағылды.
23 қаңтарда істі қараған судья Назгүл Бапақова БАҚ өкілдеріне сот процесінен ақпарат таратуға тыйым салды. Осылайша соттың біраз бөлігінен көпшілік бейхабар қалды.
Сот процесі басталғанына үш ай өткенде мемлекеттік айыптаушы Қайрат Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, өзін 8 жылға соттауды сұрады.
Кәсіпкер соттағы соңғы сөзінде Qazaq Gaz-ға келген шығын толық көлемде өтелгенін алға тартып, соған байланысты әділ шешім шығарылатынына сенім білдірген еді.
31 наурызда Қайрат Боранбаев, Роман Наханов қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігі, 218-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды. Сот заңды күшіне енбеді.
Сотталғандар заңды құқығын пайдаланып, сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Артынша бірінші сатыдағы сот үкімінің күші жойылды. Сот алқасы үкімнің «хаттама болған» деген болжамға сүйеніп шығарылғанын алға тартқан.
Осы сәтте БАҚ беттерінде Боранбаевтың мемлекетке 90 млрд теңгенің мүлкін қайтаратыны, 30 млрд теңгені Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына аударатыны айтылды.
Боранбаев пен басқа да сотталушылар тағылған айыпты мойындап, тергеумен процестік келісімге келуге ниет білдірді. Мемлекеттік айыптаушы да жазаны 8 жылдан 6 жылға дейін төмендету дұрыс деп шешті.
15 қыркүйекте Астанада Боранбаев 6 жылға сотталды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болды.
20 қазанда Қайрат Боранбаевтың бостандыққа шығатыны белгілі болды. Сот шешімімен ол пробациялық бақылауда болады. Шешім шығару барысында оның жазаның 1/3 бөлігінін (2 жыл 4 ай 5 күн) өтегенін, мемлекетке келген шығынды толық өтегенін ескерген.
6 қарашада кәсіпкер Қайрат Боранбаев шартты жазамен бостандыққа шықты. Ақмола облысының соты 20 қазанда бас бостандығынан айырылған Қайрат Боранбавтың жазасын жеңілдетіп, бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.