Қызылорда облысында Қаңтар оқиғасы кезінде ұрлық жасаған екі адам бақылауға алынды
Елімізде Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр
Қызылорда облысында Қаңтар оқиғасы кезінде ұрлық жасаған екі адам пробациялық бақылауға алынды, деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.
«Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласындағы дүкендердің бірінен зат ұрлаған екі азамат жуырда Қазалы аудандық пробация қызметінің есебіне алынды. Олар Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 2,3-тармағымен (ұрлық) кінәлі деп танылып, әрқайсына 2 жыл 6 ай бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Жаза өтеуінің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбек тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Өздерінің айтуынша, олар 6-шы қаңтарда киім дүкенінен киім-кешек ұрлаған», – дейді ІІМ.
Қазіргі таңда олар өздерінің тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы орган белгілеген орында күніне 4 сағаттан аспайтын уақытта тазалық және көгалдандыру жұмыстарымен мәжбүрлі түрде айналысуда. Жалпы, мәжбүрлі еңбек тағайындалған сотталғанның атқарған жұмыс уақытын есептеу және оны қадағалау ҚР ҚАК-нің 62-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органға жүктелген. Жыл басынан бері Қазалы аудандық пробация есебінде тұрған 34 сотталған сот үкімімен міндеттелген мәжбүрлі еңбекті тәртіп бұзушылықсыз атқарып жатыр.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері көз жұмып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.
Қаңтар оқиғасында полиция ғимаратына шабуыл жасағандар ұсталды. Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне оралды. Назарбаев заң бұзған туыстары, референдум, Қаңтар оқиғасы жайлы айтты.