×

Назарбаев заң бұзған туыстары, референдум, қаңтар оқиғасы жайлы айтты

Қазақстанның экс-президенті референдум қарсаңында сұқбат берді

 Айнұр Шошаева 30.05.2022 | 11:05
Нұрсұлтан Назарбаев, фото: архив

Соңғы уақытта елімізде көптеген маңызды оқиғалар болып жатыр: саяси реформа, ел элитасын қайта форматтау, президент Тоқаевтың батамасымен конституциялық түзетулер бойынша өтетін референдум.

Осы ретте Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына, қызметіне және мәртебесіне байланысты көптеген мәселелер айтылып жатыр.

Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев референдум қарсаңында ҚР тұңғыш президентінің ұстанымын нақтылау үшін Елбасы кеңсесіне бірқатар сұрақ жолдап, жауабын алды. Саясаттанушының сұрақтарына телефон арқылы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі жауап берді.

– 5 маусымда елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтеді. Олардың арасында сіздің мәртебеңізге қатысты өзгерістер де бар. Маған сіздің бұл өзгеріске қалай қарайтыныңыз маңызды. Сіз сайлау учаскесіне барасыз ба?

– Иә, 5 маусымда мен Конституция берген құқығымды міндетті түрде қолданамын және референдумда дауыс беруге барамын.

Мен еліміздің негізгі заңы – қатып қалған құқықтық реликт емес, қазақстандық қоғамның өмірін, ондағы болып жатқан өзгерістерді көрсететін тірі механизм екенін үнемі айтып келдім. Бұған дейін де өзгерістер енгізілді.

Жалпы, мен бұл уақыт талабы сай болса және қоғамның ілгерілеуіне, демократиялық дамуына ықпал етсе, әр ұрпақтың негізгі заңға өзгерістер енгізуге құқығы бар деп санаймын.

Мемлекет пен біздің халқымыздың мүддесі үшін болып жатқан дүниенің бәрі басқалармен бірге мені де толғандырады.

Сондай-ақ, мен үшін бәрінен де маңыздысы өз халқым мен елімне өзімнен кейін не қалдыратыным болды. 2019 жылы мен саналы қадам жасадым және көпшіліктің қарсылығына қарамастан, мемлекет басшысы қызметінен өз еркіммен кеттім. Мен халық қолдауының шыңына жеткен кезде кеттім. Бұған 97,7% дауыс жинаған 2015 жылғы соңғы президенттік сайлау дәлел бола алады.

Иә, менде белгілі бір өкілеттіктер қалды. Бірақ бұл саяси транзиттің қалыпты жүргізілуі үшін және қоғам мен билік элитасында болуы мүмкін қайшылықтарды жеңілдету үшін жасалды.

Конституцияға сәйкес мен президент ретіндегі өкілеттілігімді Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсырдым. Кейінгі жалпыхалықтық сайлауда ол жеңіске жетті.

Осы жылдар ішінде мен оның еліміздің реформалануы мен одан әрі дамуы жөніндегі іс-әрекеттерін жан-жақты қолдадым. Бұл жолы да қолдау көрсететініме күмән болмасын.

– Жақында интернетте туыстарыңыз туралы көптеген ақпараттар шыға бастады. Олардың кейбіреуі рейдерлік пен заңсыз баю туралы заңсыз әрекеттерге қатысты болып отыр. Бұған қатысты не айта аласыз?

– Біз Қазақстанда көп жылдан бері құқықтық мемлекет құрып келеміз. Оның негізгі қағидасы - заң баршаға бірдей.

Егер туыстарымның бірі заңды бұзу үшін менің атымды пайдаланса, онда олар тиісті жауапкершілікке тартылуы керек. Кінәсі сотта дәлелденуі керек. Әрбір азаматтың заңды қорғауға құқығы бар екенін ұмытпағанымыз жөн.

Рахат Әлиевке қатысты оқиға бәрінің есінде деп ойлаймын. Ол - менің күйеубалам еді. Менің ұлым сияқты болды, немерелерімнің әкесі болды. Ол сот төрелігімен сотталды. Бірақ ол қашып кетті, өмірінің соңына дейін жасырынып жүрді. Баянсыз тағдыр.

Мен президент болып тұрған кезде халықпен көп жұмыс атқарылды. Кейбіреулер мұны ұмытып кетті. Халқымыз дана ғой, мұны ұмытпайтынына сенімдімін.

Қазақстан саяси да, экономикалық та халықаралық процестерге толыққанды қатысушыға айналды. Тәуелсіздік жылдары елімізге 360 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) деректері бойынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнім 1993 жылғы 5,15 млрд доллардан 2020 жылы 164,79 млрд  долларға дейін - 32 есе өсті. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 1993 жылғы 304,85 доллардан 2020 жылы 8,7 мың долларға дейін 28 есе өсті.

Қазақстан экономикасының көлемі Орталық Азия елдерінің барлығының экономикасынан 2 есе көп. Біз - аймақтағы экономикалық көшбасшымыз.

Есіңізге түсіріңіз, біз 1991 жылы неден бастап едік және қазіргі күні не нәрсеге қол жеткіздік? Айырмашылығы жер мен көктей.

Біз тәуелсіздігімізді нығайттық. Барлық көршілерімізбен шекараны анықтадық. Қазір бізге қатысты кез-келген аумақтық шағымдар күн тәртібінен толығымен алынып тасталды.

Тәуелсіз ел болу үшін мемлекеттің әлем мойындаған шекарасы, соғысқа қабілетті жеке армиясы, ұлттық валютасы болуы керек. Халықаралық деңгейде мойындалуға тиіс. Бізде мұның бәрі болған жоқ. Бұған мен президент болған жылдары, менің жетекшілігіммен қол жеткіздік.

– Бүгін Назарбаев университетінің және оған жетекшілік ететін Қордың қызметі белсенді түрде сынға ұшырап жатыр. Ақпаратқа сай, Қор білім мәселелерімен ғана емес, елдің жеке қаржы институттарымен байланысты инвестициялық қызметімен де айналысады. Сіздің бұл ұйымдардағы рөліңіз қандай?

– Мен 2011 жылы «Назарбаев университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы заңға қол қойдым. Онда құрылатын Қордың коммерциялық емес ұйым екені, оның Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің қызметін қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін ғана құрылғаны анық жазылған.

Әлемнің көптеген университетінің эндаумент қорлары бар. Біздің қор соларға ұқсас.

2000 жылы құрылған Нұрсұлтан Назарбаев қорының да бар екенін атап өткім келеді. Бұл Қор білім ғана емес, әлеуметтік, мәдени, халықаралық және қайырымдылық қызметпен де айналысады. Олардың қатарында Astana Club, «Қамқорлық», «Ел үміті» деген менің бастамаларым бар.

Мысалы, «Қамқорлық» бағыты аясында ел өңірлерінде жыл сайын туа біткен даму кемістігі бар, тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі аурулары бар 5 мыңға жуық балаға көмек көрсете алатын 8 оңалту орталығы ашылды. Бұған қоса инклюзивті білімді қолдау мақсатында жалпы білім беретін мектептерде 16 мамандандырылған кабинет ашылды.

«Ел үміті» бастамасы аясында талантты жас қазақстандықтарды іздеу мен қолдауды көздейтін бірқатар білім жобасы жүзеге асып жатыр. Сондай-ақ Қор жанынан Әлем экономикасы және саясат институты өз қызметін іске асырып жатыр. Ол қазіргі заманғы әлемнің аймақтық және ғаламдық міндеттерін талқылауға арналған сарапшылық алаңға айналды. Сонымен қатар Мемлекеттік тілді дамыту қоры бар. Сонымен бірге Қор жанынан цифрлық инновацияларды қолдауға арналған ІТ-кеңес құрылған. Оның мақсаты – қазақстандық жастарға өздерінің IТ-жобаларын іске қосуға, оларды әлемдік нарыққа шығаруға көмектесу.

Пандемия кезінде Қор қолдауымен миллиондаған қазақстандыққа біршама көмек көрсетілгенін атап өткім келеді.

Бұл екі қор жеке, бір-бірімен байланыссыз коммерциялық емес ұйымдар ретінде жұмыс істейді.

Сіздің сұрағыңыздың бірінші бөлігіне келсем, Назарбаев университетін құру жоғары білімнің жаңа стандартын қалыптастыру үшін жасаған менің бастамам екенін атап өткім келеді. Қазір ол Қазақстанның ғана емес, Азияның да жетекші универсиетіне айналды. Онымен мақтану керек.

Джон Кеннеди: «Бізге ешқашан болмаған нәрсе туралы армандай алатын адамдар керек» деген екен. Мен өз атымды беруге рұқсат берген бұл ЖОО сондай адамдарды тәрбиелеуге бағытталған.

Университет болашақ көшбасшылар мен жоғары білікті профессионалдарды даярлайды. Бүгін университет түлектерінің 92%-дан астамы Қазақстанда жұмыс істеп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жатыр. Осы жылдары барлығы 7 мыңнан астам адам ЖОО-ны аяқтады. ЖОО-ға түсу кезінде қатаң конкурстық іріктеу бар. Университеттің өзің қандай да бір жемқорлыққа жол берілмейді.

Университеттің өз тиімділігін дәлелдегенін атап өткім келеді. Сондықтан осы тиімді білім моделінің механизмдерін алуға тырысып, оларды елімізідің басқа ЖОО-ларында қолдану керек. Бұл процесс қазірдің өзінде жүріп жатыр.

Назарбаев университетінің қаржысын басқару, оның инвестициялық қызметін басқару мәселелерімен, бұған қоса елдің жеке қаржы институттарымен байланысты институттармен ЖОО-ның қамқоршылық кеңесі айналысты. Кеңес төрағасы болып сол кезде премьер-министр қызметін атқарған Кәрім Мәсімов тағайындалды.

Осылайша, оның құзыретіне ЖОО мен онымен байланысты құрылымдардың қаржы қызметі кірді. Бұлардың қатарында жеке қаржы ұйымдары да бар.

Қазір Кәрім Мәсімовке қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Және де менің ойымша, құқық қорғау органдары оның жұмысының осы бағыты бойынша да мән-жайды анықтайды.

- Бүгінгі әңгімемізде қаңтар оқиғасына қатысты тақырыпты айналып өте алмаймыз. Сіздің ойыңызша қаңтарда не болды?

- Қаңтар оқиғасы бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Бұған дейін атап өткенімдей, бұл ұйымдасқан тәртіпсіздіктер мен Қазақстанға жасалған шабуылдардың мақсаты – елдің берекесін қашырып, мемлекеттің тұтастығын бұзу.

Бұл қиындық бәрімізге сабақ болды. Ойран салу мен кісі өлтірудің барлығын ұйымдастырудың артында кім тұрғанын анықтау маңызды. Тергеу бұл сұрақтың жауабын беретініне сенімдімін.

Жаппай тәртіпсіздік жасауға дайындалып жатқанын білмеген, немесе білгісі келмеген тиісті құқық қорғау органдарының әрекетін анықтау керек.

Сол кезде мен үшін түрлі қауесетке ермей, президентімізге жан-жақты қолдау көрсету маңызды болды. Президентке еліміздің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының өкілеттігін тапсырдым. Президенттің шешуші әрекеттері бұдан да сорақы жағдайдың болмауына ықпал етті.

– Сіз елде болып жатқан саяси реформалар мен өзгерістерден кейін не істейсіз, алдағы жоспарыңыз қандай?

– Жалпы, саясаткер отставкаға кеткеннен кейін оның не істейтіні маңызды емес деп ойлаймын. Саясаткерлер келеді, кетеді, бірақ халық пен ел қалады. Ең бастысы - еліміздің одан әрі дамитыны және алда бізді қандай өзгерістер күтіп тұрғаны.

Мен президент болған кезеңде жақын көршілерімізбен, Батыс әлемінің елдерімен сенімді қарым-қатынас орнаттық. Біз халықаралық саяси аренада құрметке иеміз және бізде ешкіммен араздасуға болмашы да себеп берген жоқпыз.

Қазақстандықтар басқа елдерге демалуға, жұмыс сапарымен еркін бара алады. Олардың бәріне құрметпен қарайды. Қазақстандықтар жұмыс іздеп шет елдерге бармайды.

Отставкаға кеткеннен кейін маған басқа елдердің басшылары хабарласып, елдеріне қонақ ретінде шақырды. Олардың бәріне алғысымды айтамын. Бірқатар елдің басшыларымен әлі күнге дейін байланыстамын.

Менің тікелей араласуыммен құрылған Еруазиялық экономикалық одақ, Түркі мемлекеттерінің ұйымы мені сол ұйымдардың құрметті төрағасы етіп сайлады.

Ядролық қауіпсіздік бойынша жаһандық мәселелерге уақыт бөлуді жалғастырамын. Менің жарлығыммен Семей полигоны жабылғаннан кейін, біз ядролық арсеналдан бас тартып, Қазақстан ядролық қарусызданудың көшбасшысы ретінде танылды.

Менің бүгінгі тілегім: Қазақстанның амандығы, тұрақтылығы мен гүлденуі. Ұрпағымыз елге бізден де артық қызмет етсін. Мен оларға бұл жолда шын жүректен табыс тілеймін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама