×

БҚО-да 84 елді мекенді су басуы мүмкін

Эвакуациядан бас тартып жатқан тұрғындар бар

 Дәурен Ерболат 22.04.2024 | 11:38
Фото: ТЖМ

Бүгінде Жайық өзенінің бойында орналасқан 84 елді мекенді су басу қаупі бар. Бұл туралы БҚО ТЖД ресми өкілі мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде Батыс Қазақстан облысында жағдай күрделі. Себебі Жайық өзенінде судың деңгейі әлі көтеріліп жатыр.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, қазір ондағы судың деңгейі – 8 метр 62 см, ал қауіпті деңгей – 8 метр 50 см. Су қауіпті деңгейден 12 см асты. Сондықтан облыста су тасқыны қаупі сейілмеді, - деді Төлеуіш Нұржан ОКҚ-да өткен брифингте.

Ресми өкіл биыл 25-26 сәуірде Орал қаласында судың деңгейі 9,5 метрге дейін көтеріледі деген болжам барын атап өтті,

«Жайық өзеніндегі 84 елді мекенде қауіптің беті сейілмеді. Өткен тәулікте 61 адам эвакуацияланды. Кеше Шаған өзенінің бойындағы Стеновик бау-бақшасында дамбадан су өтіп кетті. Сондықтан шұғыл эвакуациялау жұмысы жүргізілді.

Осыған қарамастан эвакуациядан бас тартқан адамдар бар. Олар судың келетініне сенбейді. Қазіргі жағдайға байланысты мәжбүрлі түрде эвакуация жасау керек деп ойлаймын, - деді ол.

Бұған дейін құтқарушылардың саяжайда тұрғындардың бар-жоғын тексеріп жатқаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама