×

Судан жұқпалы аурулар шықты ма: Шығыс Қазақстанда ауызсу сапасы тексерілді

Тексеріс нәтижесі белгілі болды

 Қымбат Елтайқызы 02.06.2022 | 09:59
фото: ашық дереккөзден

ШҚО санитариялық-эпидемилогиялық бақылау департаментінің аумақтық бөлімшелері биылғы жылдың басынан бері ауызсудың микробиологиялық көрсеткіштерінің 221 сынамасын зерттеді. Оның ішінде 17 сынама гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеді, деп хабарлайды altaynews.kz.

«Санитариялық-химиялық көрсеткіштердің 220 сынамасы зерттелді. Сәйкессіздіктер 10 сынамада анықталды. Санитариялық-профилактикалық шаралар жасалып, қайта алынған зертханалық зерттеулерден кейін ауызсу сынамалары гигиеналық нормативтерге сай болып шықты», – дейді жергілікті басылым.

Тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етудің негізгі шарты – ауызсу сапасы мен қауіпсіздігі, яғни оның микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкестігі. Халыққа берілетін ауызсу сапасына бақылау сумен жабдықтау объектілерінде өндірістік бақылау ретінде және сонымен қатар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттығы саласындағы санитариялық-гигиеналық мониторинг арқылы қамтамасыз етіледі.

Су тасқыны кезеңінде ауызсу қауіпсіздігіне ерекше бақылау жүргізіледі. Бұл ауызсу сапасының уақытша маусымдық нашарлауының алдын алады. Сумен қамтамасыз етуге жауапты ұйымдар су тасқыны кезеңінде ауызсудың микробтық ластану қаупін төмендету бойынша алдын алу іс-шараларын жүргізеді, – делінген ақпаратта.

Облыс аумағында тұрғындар арасында су факторына байланысты инфекциялық аурулар тіркелген жоқ.

Ауылдарды ауызсумен қамтудың ең төменгі көрсеткіші Қостанайда тіркелген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама