×

Ақтөбелік дәрігер алаяқтарға бір күнде 14 рет ақша аударған

Ол өз атына 7 млн теңге несие рәсімдеген

 Динара Амантай 11.04.2024 | 15:43
Фото: polisia.kz

Ақтөбелік азамат алаяқтарға бір күнде 14 рет ақша аударған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

5 сәуірде ақтөбелік тұрғынның телефонына белгісіз адамдар WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырып, 7 млн теңгесін заңсыз иеленген.

Алаяқтар жәбірленушіге оның атына алаяқтар несие рәсімдеп жатқанын және оларды тоқтатып, қолға түсіру үшін өз атына бірнеше несие рәсімдеу қажет екенін айтқан. Әйел қоңырау шалушылардың барлық шарттарын орындап, бір күн ішінде қаладағы 3 банкке барып, өз атына жалпы көлемі 7 млн теңге несие рәсімдеген. Дәрігер әйел бұл ақшаны алаяқтар көрсеткен банктік шоттарға терминал арқылы 14 рет аударған. Үш күннен кейін алаяқтарға алданып, қарызға батқанын түсінген ол полицияға арызданды.

Полиция қызметкерлері өңірдегі барлық мекемелерді, оның ішінде медициналық мекемелерді де аралап, алаяқтықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күн сайын жүргізіп, дабыл қаққанмен, өкінішке қарай, азаматтар әлі де өз еркімен алаяқтарға ақша аударып жатыр. Банк қызметкерлері WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау шалмайтынын, жеке деректеріңізді және телефонға ешқандай қосымша бағдарламалар жүктеуді сұрамайтынын және өз аттарыңызға несие рәсімдеп, ақшаны аударып жіберуді талап етпейтінін азаматтардың тағы да есіне саламыз, – деді Ақтөбе облысы ПД киберпол бөлімінің басшысы Галина Стырличук.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама