×

Бірнеше өңірде есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топтар ұсталды

Биыл 20 есірткі зертханасы жойылды

 Дәурен Ерболат 09.04.2024 | 09:05
Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігі Батыс Қазақстан, Абай облыстары және Алматы қаласында есірткі таратумен айналысқан қылмыстық топтарды ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Алматы және Семей қалаларында каннабис тобындағы есірткіні сатумен айналысқан алматылықтар ұсталды. Гашиш пен марихуананы сату Telegram арқылы іске асырылған. Топты ұйымдастырушы әлеуметтік желіде чат ашып, онда гашиш пен марихуананың әртүрлі сорттарының құны туралы ақпарат салып отырған.

Топтың басқа мүшелері өздеріне тиісті қылмыстық рөлдерге сәйкес, есірткіні заңсыз сақтаумен, дозаларға бөлумен, оларды Алматы мен Семейге тасымалдаумен және жасырумен айналысқан.

Қылмыстық топтың қатысушылары қамауға алынып, ұйымдастырушыға іздеу жарияланды. Салмағы 1 келіден асатын гашиш тәркіленді.

Сондай-ақ Орал қаласында тағы бір қылмыстық топ ұсталды. Күдіктілер каннабис тобының есірткісін сатумен айналысқан. Олардан 540 грамм гашиш тәркіленді.

Топты ұйымдастырушы Telegram арқылы интернет-дүкен ашып, есірткі сатуға басшылық еткен. Есірткіні өткізу интернет-дүкеннің әкімшісі және жалдамалы есірткі жасырушылар арқылы іске асырылған.

Жыл басынан бері ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері барлығы 20 есірткі зертханасын жойды. Оның 8-інде синтетикалық есірткі әзірленген. Олардан пайдалануға дайын 129 келі синтетикалық есірткі, 390 келі прекурсор тәркіленді.

Сонымен қатар, 12 фитолаборатория анықталып, олардан 34,5 келі каннабис тобының есірткісі тәркіленді.

Биыл полиция 6 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Оның екеуі трансұлттық топ саналады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама