×

Балаңыздың жасырын есірткі сатып жүргенін қалай анықтауға болады?

Олардың қылмыс жасағаны анықталса, ұзақ жылға сотталуы мүмкін

 Дәурен Ерболат 29.03.2024 | 14:16
фото: Halyq Uni

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев баланың жасырын есірткі сатып жүргенін қалай анықтауға болатыны айтып, ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі. 

Оның айтуынша, бүгінде баланың есірткі курьерлерінің немесе нашақорлардың қатарына қосылып кету қаупі жоғары.

Есірткіге «бос жүрген» жастардың, студенттер мен оқушылардың қосылуы – ересектердің өз балаларына және олардың проблемасына назар аудармауының салдары. Есірткі сатушылар жасөспірімдердің психологиялық тұрғыда жетілмегенін пайдаланады, - деді Шыңғыс Алекешев ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ ресми өкіл баланың «закладчик» болып жұмыс істейтінін қалай білуге болатынын түсіндірді:

  • Баланың телефонында кіреберістердің, аялдамалардың, үй қабырғаларының суреттері пайда болса;
  • Жеке заттарының арасында  изолента, пакеттер, электронды таразы, таблетка немесе көзге арналған тамшыларға ұқсас заттар табылса;
  • Араласатын ортасы өзгерсе;
  • Бойында дөрекелік, тәкаппарлық пайда болса, әңгімені тоқтатуға ұмтылыс байқалса;
  • Күн тәртібі өзгерсе;
  • Ең бастысы, ақша немесе жаңа заттар пайда болса және жасөспірім олардың қайдан келгенін түсіндіре алмаса.

Осы белгілер анықталса, тез арада баламен сөйлесіп, оны бақылауға алу керек. Оларға есірткіні таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталып, 10 жылдан бастап, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескерту керек, - деді ол.

Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, есірткі дүкендері әдетте «закладчикке» жасырылған есірткі үшін 2 мың теңге төлейді.

«Осы үшін олар есірткіні орауға қажет нәрселерді сатып алады, қаланы аралайды, өз өмірінің кем дегенде 10 жылын тәуекелге тігеді. Ал дүкеннің бір закладка үшін табысы – 20 мың теңге. Қылмыстық іс материалдары көрсеткендей, «закладчиктер» бастапқыда бұл іспен ұзақ айналыспаймын деп ойлайды. Бірақ жеңіл ақшаның буымен олар бұл бизнестен шыға алмай қалады. Соңында олардың көпшілігі есірткіге өздері тәуелді болады», - деп түйіндеді сөзін ресми өкіл.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама