×

Қазақстанда суперкомпьютер қашан іске қосылатыны айтылды

Жоба үш кезеңнен тұрады

 Дәурен Ерболат 26.03.2024 | 14:13
көрнекі фото: Halyq Uni

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары Қаныш Төлеушин Қазақстанда суперкомпьютер қашан іске қосылатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Вице-министрдің пікірінше, жобаны іске қоспас бұрын оның қуатын анықтап алу керек.

Ең алдымен есептеу қуатын қалыптастыру қажет. Осыған байланысты ұлттық компанияларға, университеттерге, мемлекеттік органдарға арнайы хаттар жолдадық. Осылайша, қанша есептеу қуаты керек екенін зерттедік. Сондықтан сұранысқа қарай қазір 3 кезеңде суперкомпьютер жасауды және онымен жұмыс істеуді жалғастырып жатырмыз, - деді Қаныш Төлеушин.

Вице-министр бірқатар венчурлық қор құрылғанын, қаржының басым бөлігі жасанды интеллектіні дамытуға бөлінетінін атап өтті.

«Біріншіден, суперкомпьютерді құру жұмысын тоқтатпау үшін есептеу қуатын шетелден жалға алу ескерілді. Бұл жұмыстар басталды. Екіншіден, тиісті чиптерді сатып алудамыз. Ол үшін «Самұрық-Қазына» қоры мен G42 компаниясы арасында бірлескен кәсіпорынды құрдық. Аталған кәсіпорын суперкомпьютерді биыл іске қосады. Үшіншіден, суперкомпьютерге арналған деректерді өңдеу орталығының құрылысын іске асыру жоспарланған», - деді министрдің орынбасары.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қуаты күшті суперкомпьютер құруға кіріскенін мәлімдеген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама