×

«Соңғы үмітім сізде». Тараздың экс-әкімі президентке үндеу жолдады

Кезінде ол жұмыс орнынан Тоқаевтың бұйрығымен босатылған еді

 Динара Амантай 31.05.2022 | 13:11
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысының бұйрығымен қызметінен босатылған Тараз қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Досаев Facebооk-тегі парақшасында Отан үшін қызмет етіп, Жаңа Қазақстанның құрылысына атсалысқысы келетінін айтып, Президентке үндеу жолдады.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың қараша айында қала мектептерінің бірінде 12 жастағы қызды мектептің көшедегі дәретханасында сабақ уақытында зорлап кеткен болатын. Сол кезде ауыр қылмысты жасады деген күдікпен бұрын сотты болған 38 жастағы ер адам ұсталған еді. Осы жағдайдан кейін оқушылардың ата-аналары мектеп әкімшілігінен бастап лауазымды азаматтарға  дейін жауапқа тартуды талап етіп, біраз шу шығарды.

Бұл жантүршігерлік қылмыстың дауы Президентке жетіп, Қасым-Жомарт Тоқаев сол уақытта қызметіне кіріскеніне жарты жыл болған Досаевты әкім қызметінен босатуды бұйырған.

Мемлекет басшысына жолдаған үндеуінің басында Қайрат Досаев елге сіңірген еңбегі мен атқарған қызметі туралы әңгімеледі. Ол бір кездері әкім болып істеген Алматы облысы Қаратал ауданының құрметті азаматы, Қордай ауданының әкімі болған кезінде «Құрмет» орденімен марапатталғанын айтты. Одан кейін шенеунік Тараздағы мектеп дәретханасында болған қылмысты өкіншіпен еске алды.

Мен өзім әкемін, қыз өсіріп отырмын. Сондықтан бұл жантүршігерлік қылмыс мен үшін ауыр тиді. Оны өз жүрегімнен өткіздім. Шынын айту керек, мектеп дәретханаларының мәселесі бұрыннан да болған, тек сіздің араласуыңыздың арқасында ғана республика бойынша оны шешу шаралары қолға алынды. Әрине, мен отставкаға кету туралы өтінішімді дұрыс қабылдадым. Себебі, қала әкімі ретінде мен оның аумағында болып жатқан барлық жағдайға жауапты болдым. Осы жағдайдан кейін мен орнымды босатқаныма емес, мәселені толық шешуге қолымның жетпегені үшін өкіндім. Бірақ мен қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын ғана осы қызметке тағайындалған едім, – деп жазды экс-әкім.

Әкімдік қызметтен босатылғаннан кейін Досаев Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы болып тағайындалып, 2021 жылдың шілдесіне дейін қызмет атқарған. Одан соң сол айда Табиғи ресурстар басқармасының басшысы қызметіне тағайындалады. Оның айтуынша, мемлекет басшысы Досаевтың жаңа қызметке тағайындалғанын естігеннен кейін 2021 жылдың тамызында Досаевты қызметінен босатуға тағы да бұйрық берген. Содан бері шенеунік жұмыссыз жүргенін айтады.

Үндеуінің соңында экс-шенеунік Президент жүргізіп жатқан реформаларды қолдайтынын айтып, одан «Отан үшін еңбек етуге», «Жаңа Қазақстан құрылысына» қатысуға мүмкіндік беруді сұрайды.

Мемлекеттік қызметте істеген барлық жылдары мен елімізге адал қызмет етіп, арыма дақ түсірген емеспін. Жағдайыма түсінікпен қарайды деп үміттенемін, Президент мырза! Сенім білдірсеңіз, мемлекетке пайдамды тигізуге дайынмын. Сізге мен туралы дұрыс емес ақпарат берілген соң қызметтен босатылдым. Енді сіздің араласуыңыздан кейін ғана мен мемлекеттік қызметке қайта аламын. Соңғы үмітім сізде, Президент мырза! – делінген жазбада.

Жазбаға пікір қалдырған жамбылдықтар Қайрат Досаевты қолдап отыр. Пікір жазғандардың көбі ісінің оңтайлы шешілуіне тілек білдірген.

Дегенмен, жазбаға пікір қалдыруға бәріне бірдей мүмкіндік берілмегенін айта кету керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама