×

Алматы облысында мемлекеттік органдар ірі инвестордың жұмысына кедергі келтірген

Бұл жобаға 96 млрд теңге құйылған

 Динара Амантай 18.03.2024 | 09:35
Фото: gov.kz

Алматы облысында мемлекеттік органдар ірі инвестордың жұмысына кедергі келтірген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, 2019 жылы Алматы облысында вольфрам кендерін өндіру зауытын салу бойынша «Жетісу Вольфрамы» ЖШС жобасын іске асыру басталған. Биыл зауытты іске қосу үшін инвесторға энергиямен жабдықтау қуатын ұлғайту және ол үшін «АЖК» АҚ-дан техникалық шарттар алу талап етілді.

Алайда мемлекеттік органдар тарапынан бұл рәсім уақытынан кешіктірілді және кейін инвестициялық жобаны іске асыру мерзімдерінің бұзылуына әкелуі мүмкін еді.

Осы мәселе бойынша Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының прокуратурасы уәкілетті органдардың және «АЖК» АҚ қатысуымен фронт-офис отырысын ұйымдастырды. Нәтижесінде инвестор электр қуатына қосылуға техникалық шарттар алды және жобаны іске асыруды жалғастырды.

Айта кетсек, зауытты пайдалануға беру жыл соңына жоспарланған және бүгінде «Жетісу Вольфрамы» ЖШС ел экономикасына 96 млрд теңге инвестициялап, 1 мың жаңа жұмыс орнын ашты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама