×

Біреуі жансақтау бөлімінде: Қарағанды облысында балалар көкжөтелге шалдыққан

Екі жасқа дейінгі бала тоқтамай жөтелсе, қабырғасы сынады

 Еркеғали Болатұлы 16.03.2024 | 18:10
фото: wellnesstidings.com

Қарағанды облысында балалар арасында көкжөтел жұқтырғандар саны артып барады. Тіпті ауруы асқынған бір бүлдіршін жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Дәрігерлер кішкентай науқастардың 80 пайызы кезінде екпе салдырмағанын айтады. Көкжөтел жұқтырғандар былтыр күзден бастап тіркеле бастаған. Жаңа жылдан бері тіпті қарқын алыпты. Бүгінге дейін 48 бала ауырған. Көбі емделіп шыққан.

Қазір ауруханада 6 бала жатыр. Біреуінің жағдайы ауыр. Оған ұзақ уақыт диагноз дұрыс қойылмай, ауруы асқынып кеткен. Өйткені көкжөтелді көбінесе кәдімгі тұмаумен шатастырады.

Балаға қатты әсер ететін кесел дендесе, өкпе қабынып, ауа жетпей, ми зақымдалады. Екі жасқа дейінгі бала тоқтамай жөтелсе, қабырғасы сынатын көрінеді. Тыныс алу жолдары бітелсе, тек жансақтау бөлімінде емдеу керек. Үйде емделуге тыйым салынады.

Дәрігерлер бұның бала туғаннан кейін 18 айға дейін көкжөтелдің екпесін салдырмаудың салдары екенін айтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама