×

Елордада V Халықаралық жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды

С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ұжымы дәстүрге айналдырған доданың биылғы беталысы бөлек

 Халық үні 15.03.2024 | 21:00
фото: Halyq Uni

Бүгін Астанада С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да «Тұлғаларға тағзым» бағыты негізінде күрескер қаламгер Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған «Рухты елдің ұрпақтары» атты V Халықаралық жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Дәстүрлі жыр додасы университеттің басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Сапархан Омаровтың құттықтау сөзімен ашылды. Сондай-ақ гуманитарлық факультет деканы, философия ғылымдарының кандидаты Жұлдызай Құлжанова талапты жастарға сәттілік тіледі.

Ал қазылар алқасына Halyq Uni ақпарат агенттігінің шеф-редакторы Еркеғали Бейсенов төрағалық етіп, сарапшы ретінде Жазушылар одағының мүшесі, «Абай» телеарнасының жүргізушісі Нәзира Бердалы және Парламент Мәжілісінің медиа-менеджері Нұрымжан Жұмағазиев, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі Ардақ Тілеулесова қатысты.

Айта кетсек, мүшәйраға Өзбекстан, Қарақалпақстан, Моңғолия елдерінің 4 жоғары оқу орнынан 6, Ақтау, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Тараз, Қызылорда, Қостанай, Петропавл, Орал, Атырау, Шымкент, Арқалық, Қарағанды, Павлодар, Алматы мен Астана қалаларының 50-ден аса жоғары оқу орнынан 80-ге жуық үміткер өтініш білдірген. Олардың ішінде 28 ЖОО-дан 69 үміткер іріктеп алынып отыр.

Сонымен, қазылар алқасы сол үміттерін үкілеп қосқан 69 жас ақынның 200-ден аса өлеңін түгел оқып шығып, әділ бағасын берді. Нәтижесінде бас жүлдені «шашасына шаң жұқтырмаған» С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 3-курс студенті Бекарыс Секенов иеленсе, 1-орынға М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 3-курс студенті Ертай Кеңес пен Астанадағы «Шабыт» өнер университетінің 1-курс студенті Аслан Еркін лайық деп танылды.

Сондай-ақ 2-орынды семейлік егіз ақындар – Alihan Bokeikhan University 2-курс студенті Ақгүл Серікқызы, Шәкәрім атындағы университеттің 2-курс студенті Аққу Серікқызы және С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың 1-курс студенті Әйгерім Қайпен еншіледі. Ал 3-орын тағы да Шәкәрім атындағы университеттің 2-курс студенттері – апалы-сіңлілі Аружан мен 4-курс студенті Бағжан Кәріпбаеваларға және Павлодар қаласы Ә. Марғұлан атындағы педагогикалық университетінің 2-курс студенті Рамазан Дәуренбекұлына, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының 4-курс студенті Ақтілек Атыбайға бұйырды. Олардан бөлек 7 қатысушы ынталандыру сыйлығымен мараптталды.

Мен бұл дәстүрлі мүшәйраға үшінші рет төрағалық етіп отырмын. «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ұжымы дәстүрге айналдырған доданың биылғы беталысы бөлек. Халықаралық деңгейге дейін көтеріліп, жас ақындардың қатары артқан. Соның ішінен оң бағаға лайық озығын оқшаулап алу да оңай шаруа емес. Балаң жырларды әділ бағалап, бабы мен бағы қатар шапқандарын басқаларына мойындату үшін барымызды салып бақтық. Біздің тараптан «ала қойды бөле қырқу» ұстанымындағы көзжұмбайлық бұған дейін болмаған, бұл жолы да болмады, - дейді қазылар алқасының төрағасы, әріптесіміз Еркеғали Болатұлы.

Оның айтуынша, ШҚО, Абай облыстарының ақындар мектебі берік қалыптасқан. Биыл осы екі өңірден келген жастардың өлеңдері мықты болған көрінеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама