×

Вейп сатуға тыйым: Сенат депутаттары заңның жекелеген баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізді

Құжат Мәжіліске қайтарылды

 Дәурен Ерболат 14.03.2024 | 13:03
көрнекі фото: Pixabay

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын екінші оқылымда қарап, Мәжіліске қайтарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Құжат халықты сапалы және толық медициналық көмекпен қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу арқылы зиянды өтеуге мемлекет кепілдік берген науқастардың құқығын іске асыру, медициналық мамандықтың мәртебесі мен беделін арттыруды көздейді.

Заңда төмендегі нормалар енгізілген:

  • Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуге;
  • Медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін енгізуге;
  • Медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік кепілдіктер белгілеуге, медициналық мамандықтың мәртебесі мен тартымдылығын арттыруға;
  • Вейптерді әкелуге және таратуға тыйым салуды, сондай-ақ шегілмейтін темекі заттарын, қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды жарнамалауға тыйым салуды белгілеуге бағытталған түзетулер ұсынылды.
  • «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына енгізілетін түзетулермен әскери дәрігерлердің әскери қызмет міндеттерін орындауға кедергі келтірмейтін ақылы медициналық қызметпен айналысу құқығы бекітіледі. «Резидент-әскери дәрігер» деген жаңа ұғым енгізіледі, осыған байланысты оларды оқыту, әскери қызмет өткеру туралы келісімшарттың мерзімі, әскери лауазымға тағайындау және әскери қызметтен босату мәселелері регламенттеледі.

Сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері», «Өз кәсібінің үздiгі» құрметті атақтарын беру медицина қызметкерінің практикалық қызметке деген сенімін арттыруға және ынталандыруға бағытталған.

Екінші оқылымда Сенат депутаттары заң жобасының жекелеген баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізген:

  • Заңда шегілмейтін темекі бұйымдарының, электронды тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жауаптылықтың заңмен белгіленуіне байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен электронды тұтыну жүйелері мен оларға арналған сұйықтықтарды сату, пайдалану, оларға демеушілік көрсету үшін жауаптылықты регламенттейтін нормаларды алып тастауды;
  • Шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптердің тауар белгісінің элементтерін немесе атауын пайдаланып, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жарнамалауға, сондай-ақ шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптерге сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға бағытталған түрлі іс-шараларды, оның ішінде жүлделі ұтыс ойындарын, лотереяларды өткізуге тыйым салуды белгілеуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Парламентте қаралып жатқан заңның әзірленуіне мұрындық болған Республикалық Аналар кеңесінің жетекшілері HALYQ UNI ұйымдастарған подкаста вейптің адам денсаулығына тигізетін зияны туралы айтып берді. Сарапшылардың айтуынша, ел мектептерінде қолға алынған «Қауіпсіздік сағаты» жобасы аясында оқушылар арасындағы жаңа ұстатарлық жағдайлар анықтала бастаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама