×

Ұлытау облысында қырылған жылқының саны 500-ден асты

Облыста жылқы өсірумен айналысатын 230 дан астам шаруашылық бар

 Дастан Жұмабекұлы 12.03.2024 | 16:22
Фото: facebook.com/ Ерлан Төлеутай

Ұлытау облысында қырылған жылқының саны 500-ден асты. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлерінің айтуынша, ауа райының қолайсыздығынан өрістегі малына жете алмай жатқан адамдарды ескерсек, шығын бұдан да көп болуы мүмкін. Басқарманың қызметкерлері  әзірше нақты көрсеткішті айта алмаймыз дегенді айтты.

Almaty.tv-ның мәліметіне қарағанда, өлексесі табылған 500 бас жылқы тіркеуге алынбаған. Сәйкесінше иелері де табылмапты. Қазір өңірде тірі қалған өзге малды аман алып қалу үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Арнайы штаб құрылып, қажетті техника мен жанар-жағармай бөлініп үлгерді. Арзан жем-шөп сатып алуға облыс қазынасынан қосымша қаржы беріледі.

Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Қайрат Мутаевтың айтуынша, осы жағдайға байланысты аудандық әкімдік тарапынан тұрғындар сұраған техника, жол тазалау жұмыстары бойынша барлық қолдау жұмыстары көрсетіліп жатыр. Ал басқарма тарапынан қазіргі таңда жем-шөпке қосымша субсидия беру мәселесі қолға алынды. Бөлінген 200 млн теңгенің шамамен 80 пайызы жылқы малына жем-шөп сатып алуға жұмсалады. Облыста жылқы өсірумен айналысатын 230 дан астам шаруашылық бар. Олар жем-шөп субсидиясын бүгін-ертең қолдарына алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама