Адвокат Нүкенованың құрбыларын да жауапқа тартуды сұрады
Астана сотында Қуандық Бишімбаевтың адвокаты экс-министрге қатысты қылмыстық істі прокуратураға қайта жіберуді сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Адвокат Назкен Құсайынованың айтуынша, тергеу барысында жүйелі түрде ұрып-соғу әрекеті, әсіресе оның зорлық-зомбылық арқылы жасалғаны дәлелденбеген.
Бишімбаев Нүкенованың шағын шығындарына айына 5-6 млн теңгеден астам қаражат аударғанын ескерсек, оның материалдық жағынан тәуелді болғаны дәлелденбеген. Өтінішхатта барлық аударымды дәлелдейтін құжат ұсынылды, - деді адвокат.
Сондай-ақ сотталушы тарап соттан Нүкенованың жарақат алғанын көргенін айтқан құрбыларын жауапкершілікке тартуды сұрап отыр.
Адвокат қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қайта бастауды, Бишімбаевтың әрекетін 104-баптың 1-бөлігіне (абайсызда қазаға ұшырату) қайта саралауды сұрады.
Ал екінші адвокат Бишімбаевтың Нүкенованы өлтіру туралы ойы болмағанына сенімді.
Мейрамханада қызғаныш салдарынан жанжал болған. Бишімбаевтың барлық әрекеті Нүкенова тыныштандыруға бағытталған, - дейді адвокат.
2024 жылдың 11 наурызында Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі басталды.
Айыптау актісіне сәйкес, Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған.
Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың айтуынша, Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 2022 жылдың тамызында танысқан. Ал тойы сол жылдың желтоқсанында өткен. Алайда Бишімбаев пен Нүкенова заңды некеде тұрмаған. Қарым-қатынас барысында Бишімбаев Нүкеноваға туыстары, құрбыларымен кездесуге, жұмыс істеуге рұқсат бермеген және үнемі қызғанған. Соған байланысты үнемі физикалық күш қолданған.
Қайғылы оқиға болған күні Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев Астанада өткен концертке барған. Алайда концерт аяқталмастан, ол жерден шығып, Bau мейрамханасына барады. Сол жерде Нүкенова қарым-қатынасты тоқтатқысы келетінін айтқан. Олар бастапқыда мейрамханадан шыққысы келген, алайда Бишімбаев рұқсат бермеген. Мейрамхананың VIP залында екеуінің арасына туған жанжал жалғасқан. Бишімбаев жанжал барысында өзінің ақшасына сатып алынған заттар туралы айтқан. Содан кейін Нүкенова ішкиім және әшекейден басқасын шешіп тастаған. Оның бұл әрекеті Бишімбаевтың ашуына тиген. Тергеу мәліметіне сәйкес, содан кейін Бишімбаев әйелді жұдырықпен ұрған.
Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:
99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);
110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).
Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:
432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).