×

Шымкентте әлдебіреулер автобустарға тасадан тас лақтырып жүр

Заң бұзушылар тез арада жауапқа тартылмаса, жүргізушілер қауіпті маршрутпен жүруден бас тартпақ

 Еркеғали Болатұлы 08.03.2024 | 13:32
фото: myskillsconnect.com

Шымкентте бір маршрутпен жүретін 5 автобус жүргізушілері қоғамдық көлікке тас лақтырған бұзақыларға қатысты шағым түсірді. Полиция тергеуді бастады, деп хабарлады Otyrar.kz.

Жүргізушілердің айтуынша, бұл жайт кешке қарай болған. Қоғамдық көлік Таскешу тұрғын алабынан өтіп бара жатқанда бәзбіреулер автобустың терезесіне үлкен тастар лақтыра бастаған. Салдарынан автобус терезесінде жарықтар пайда болып, кейбіреуінде, тіпті, сынықтар анықталған.

Кешкі сағат 8 шамасында қараңғы болды, автобусқа бір нәрсе тиіп кеткенін естідім. Түсіп қарағанымда ешкімді көргенім жоқ, тіпті, оны кім лақтырғанын байқамадым. Терезеде жарық пайда болды. Бұл тек материалдық шығын емес. Терезе ашық тұруы да мүмкін ғой, жолаушыларға тиіп кетсе ше? - деді жүргізуші Қасымбек Ахметов.

Бұл – зақымдалған бесінші қоғамдық көлік. Қалғанына тас 3-5 наурыз аралығында лақтырылған. Алдын ала болжам бойынша, оларды жөндеп, қалпына келтіруге миллионнан астам теңге қажет. Қазір қоғамдық көлік қызметкерлері келтірілген шығын мөлшерін есептеп, терезені ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Абай аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері бұл дерек бойынша тексеру жүргізіп жатыр, - деп хабарлады полицейлер.

Жалпы, Таскешу тұрғын алабынан тек №149 бағыты бойынша жүретін автобустар өтеді. Егер заң бұзушылар тез арада жауапқа тартылмаса, автобус жүргізушілері қоғамдық көлік бағытын қысқартып, қауіпті маршрутпен жүруден бас тартуы мүмкін, яғни жергілікті тұрғындар енді арзан көліктің қатынау мүмкіндігінен айырылады.

Біз қалалық көлік бөліміне де, Қаратау әкімдігіне де жүгіндік. Бұлай жалғаса берсе, ауылға қызмет көрсетуді тоқтататын шығармыз. Себебі бұл – сорақы факті. Бүгін 3 автобус жұмысқа шықпады, терезелерін ауыстырып жатыр, - деді «Южавтотранс» ассоциациясының төрағасы Дархан Каюпов.

Сондай-ақ автобус жүргізушілері ата-аналардан балаларына түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрайды. Бұл кәмелетке толмағандардың ісі екені анықталса, автобустарға келтірілген материалдық шығынды бұзақылардың ата-аналары төлеуге мәжбүр болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама