×

Байқоңыр тұрғынын бір топ адам жабылып ұрып, атып кеткен

Күдікті ұсталып, РФ Ішкі істер министрлігінің уақытша ұстау изоляторына қамалды

 Еркеғали Болатұлы 07.03.2024 | 11:30
фото: flickr.com

Байқоңырда бір топ адам жергілікті тұрғынға шабуыл жасап, травматикалық тапаншадан оқ атылған. Атыс шығарды деген күдікті ұсталды, деп хабарлады «Байқоңыр» кешенінің прокуратурасы.

Қадағалау органының ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша, прокуратура РФ Қылмыстық кодексінің 213-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмысты жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауды заңды деп таныды.

Осы жылдың 5 наурызында кешкі уақытта күдіктінің 5-шағын аудандағы №6 және №12 үйлердің арасында басқа адамдармен топ болып әрекет ете отырып, бұрын таныс болған жергілікті тұрғынға шабуыл жасағаны анықталды. Осы әрекеттерді жасау барысында күдікті травматикалық қарудан оқ атқан, - деп хабарлады прокуратура өкілдері.

Күдікті ұсталып, «Байқоңыр» кешеніндегі РФ Ішкі істер министрлігінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жақын арада соттың оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау мәселесін қарайтыны хабарланды.

Жасалған қылмысқа басқа қатысушыларды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, - деп атап өтті қадағалау органының өкілдері.

Кешен прокуратурасындағы қылмыстық істі тергеу барысы бақылауға алынған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама