×

Отбасының цифрлық картасымен 500-ге жуық адамға әлеуметтік төлем берілді

Былтыр шамамен 1,3 млн азамат МӘСҚ-тен 750,7 млрд теңге көмек алды

 Дастан Жұмабекұлы 06.03.2024 | 11:01
Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері 500-ге жуық азаматқа Отбасының цифрлық картасы арқылы МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер тағайындалды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Қаңтарда Отбасының цифрлық картасының көмегімен 499 азамат SMS-ке келісім беру арқылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алу құқығын пайдаланды. Оның ішінде жұмысынан айырылуы бойынша 493 адам және 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша 6 адам төлем алды.

Отбасының цифрлық картасы азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілді мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екенін жеткізіп отыратын «электронды жаршы» қызметін атқарады.

Қазір ОЦК әлеуметтік сақтандыру жүйесінен қандай да бір өтініштерсіз МӘСҚ-тен еңбекке қабілеттілігінен, жұмысынан және асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер беріледі. Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. SMS алған азамат оған келісімі жөнінде жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік төлемді тағайындау кейін алушының банктік шотына ақша қаражатын аудара отырып, автоматты режимде жүргізілетін болады, –  делінген хабарламада.

Төлем алушының ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелген жағдайда, әлеуметтік төлемдер тағайындау бойынша қызметтерді проактивті форматта көрсетуге болады. Ол egov.kz порталы арқылы жасалады.

Былтыр ОЦК көмегімен 17 270 азаматқа МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер тағайындалды.

Жалпы, өткен жылы шамамен 1,3 млн азамат МӘСҚ-тен 750,7 млрд теңге әлеуметтік төлем алған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама