×

Кісі өліміне қатысты шұғыл көмекке салғырт қараған ТЖД қызметкері сотталды

Жәбірленушінің пайдасына 1 миллион теңге моральдық зиян өндірілді

 Динара Амантай 28.02.2024 | 14:56
Фото: Ақтөбе обл. сотының баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласының №2 сотында ҚР ҚК-нің 271-бабы 1-бөлігі бойынша салғырттық үшін сотталған ТЖД қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, Ақтөбе облысы ТЖД жедел кезекшісінің көмекшісі қызмет атқару кезеңінде «112» қызметіне шұғыл көмек көрсетуді сұрап қоңырау шалған кәмелетке толмаған баланың хабарламасына тиісінше және уақтылы ден қоймаған. Осылайша, ол өзінің функционалдық міндеттеріне немқұрайлы қараған.

Сол түні жәбірленуші тұратын тұрғын үйге қылмыскер кіріп, оның анасы мен ағасын өлтіріп, ал өзіне пышақпен жарақат салған. 50 минуттан соң жәбірленушінің көмек сұраған үшінші қоңырауынан кейін ғана оның хабарламасы жедел жәрдемге жіберілген. Сот процесінде сотталушы өзінің кінәсін толық мойындамады және алғашқы қоңырауды балалардың ойыны деп санағанын айтты. Алғашқы қоңырау үзілгендіктен, ол жәбірленушіге қайта қоңырау шала бастаған, бірақ оның телефоны жауап бермеген. Үшінші қоңыраудан кейін ол жәбірленушіден болған жағдайды анықтап, оның хабарламасын жедел медициналық көмекке жіберді, – делінген сот хабарламасында.

Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының асырауында жас балалардың болуын назарға алды.

Соттың үкімімен сотталушыға 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ жәбірленушінің пайдасына 1 миллион теңге моральдық зиян өндірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама