Halyq Uni логотип
×

Қуандық Бишімбаевтың ісін судья Айжан Құлбаева қарайды

Судья бұған дейін Нұржан Әлтаев, Махамбет Абжанға қатысты үкім шығарған

 Айгерім Таубай 26.02.2024 | 15:34
Қуандық Бишімбаевтың ісін судья Айжан Құлбаева қарайды
Фото: Halyq Uni / Айгерім Таубай

26 ақпанда бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті. Қылмыстық істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Айжан Құлбаева қарайды. Бұл туралы сот кабинетінде көрсетілген.

Айжан Құлбаева бұған дейін де бірқатар шулы істі қараған. Олардың қатарында журналист Махамбет Абжанға қатысты іс бар. Ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Нұржан Әлтаевқа да үкімді Құлбаева шығарған.

Сондай-ақ қазір «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке қатысты істі қарап жатыр.

Айта кетейік, үш іс те алдын ала сот тыңдауы барысында жабық форматқа ауыстырылған.

Айжан Құлбаева 2022 жылдың 28 желтоқсанында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы болып тағайындалған.

ҚУАНДЫҚ БИШІМБАЕВ ІСІ

2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды.

Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру), 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау) бойынша айып тағылған.

Сотталушылардың қатарында Бишімбаевпен қатар Бақытжан Байжанов бар.

Байжановқа қылмыстық кодекстің 432-бабы (аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу), 434-бабы (аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау) бойынша айып тағылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама