×

12 сағатқа созылған ерекше операция: Жанаргүлдің көзі күрделі отадан кейін қалпына келді

Жас нейрохирург күрделі отаны сәтті аяқтады

 Халық үні 22.02.2024 | 13:08
Фото: ПІБ МО ауруханасының баспасөз қызметі

ПІБ МО ауруханасының нейрохирург дәрігері Абылай Серікбай 50 жастағы науқасқа экзофтальм сырқаты болжамымен күрделі операция жасап, тәуекел мен қорқыныштардың алдын орап, науқасты қалыпты өмірге қайта алып келді, деп хабарлады Halyq Uni.

Павлодар қаласынан келген Жанаргүл Макинаны соңғы 3 жылдан бері сол жақ көзінің сыртқа қарай үлкейіп, шамадан тыс ісіп кеткені жанына батып, тіпті ел назарына шыға алмай қалғаны мазалап жүрген. Онколог мамандар ісікті алу үшін науқастың бет пішінін ортасынан кесіп операция жасауды ұсынған. Мұндай тәуекелден жүрексінгенімен, амалы таусылып, келісуіне тура келген Жанаргүлді ПІБ МО ауруханасының нейрохируг дәрігерінің алдына тағдырдың өзі алып келді десе болады. Мәскеуде көз ұясына жасалатын операциялар бойынша екі жылдық тәжірибесі бар дәрігер нейрохирургиялық тәсілмен шаш өсетін жерден кесу арқылы ісікті алуды ұсынады. Науқас бұл ұсынысқа қуана келісіп, нейрохирургке денсаулығын сеніммен тапсырады.

Мен Мәскеудегі профессор ұстаздарыма науқастың МРТ, КТ зерттеулерін жіберіп, сол кісілермен де ақылдастым. Себебі бұл сүйектен тұратын ісік болғандықтан және науқастың жағдайында ісік гаймор және мұрын жанындағы қойнауларына қарай өсіп кеткендіктен өте күрделі және тәуекелі мол операция болды. Сүйекке айналған ісікті 70 мың айналымды жоғары жылдамдықтағы бұрғымен әр миллиметрін кесіп, асқан мұқияттылықпен егеп алдық. Егер көз ұяшығындағы талшықты сақинаға тиіп кетіп, қандай да зақым келсе, көз қимылдамай қалады немесе ашылмай, көрмей қалу қорқыныштары бар. Тіпті ісікті толықтай егеп жіберсек көздің астыңғы қабырғасы астыға түсіп кету қатері де болды. Осы қорқыныштарды болдырмас үшін 12 сағаттан аса операция үстелінде бас алмай жұмыс істедік. Операция сәтті өтті, – дейді ПІБ МО ауруханасы Нейрохирургия бөлімшесінің нейрохирург дәрігері Абылай Серікбай.

Операциядан кейін Жанаргүл Макинаның көз ұясы жылжып кетпей, қалпына тез келуі үшін көзіне қатты қысып байланған таңғышты 3 күнде шешкен. Нәтиже күткендегідей, Жанаргүлдің екі көзі бірдей көлемде, қаз қалпына келген. Науқастың қуанышында шек жоқ. Дәрігердің айтуынша, науқастың әрі қарай емі мен келесі амал-әрекетті анықтау үшін гистологиялық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр.

Әрі қарай химиялық терапия қажет пе, қажет емес пе, оны гистология қорытындысы анықтап береді. Ал меніңше, бұл талшықты дисплазияға ұқсап тұр. Яғни сүйек тінінің түзілісі нәтижесінде бұзылатын қатерсіз патологиялық процесс. Осы болжамым расталса, әр 3 немесе 6 ай сайын МРТ зерттеуі арқылы әрі қарай өскен-өспегенін бақылап тұру жеткілікті. Енді алдағы уақытта бір сағаттық операция жұмысы қалды. Онда науқастың гаймор қойнауының сыртқы қабырғасында қалған ісіктің кішкентай бөлігін алып тастаймыз. Неліктен бірден алмадық, себебі біз толық алатын болсақ, көздің қабырғасы төмен түсіп кетеді, – дейді нейрохирург дәрігер Абылай Серікбай.

Шымкент қаласының тумасы, Семейде және Мәскеуде білім алып, тәжірибесін шыңдаған жас та болса білікті дәрігердің ізденісі Жанаргүл Макинадай науқастың өміріне жаңа үміт сыйлады. Дәрігер өз тәжірибесінде бұған дейін көз ұясына бірнеше операция жасағанымен, ісіктің бірнеше аймаққа өсіп кеткен мұндай ірі көлемі бар жағдай бірінші рет кездескен. Науқастың өмірі мен көзінің амандығын сақтау жауапкершілігін ерлікпен мойнына алған Абылай Серікбай жақында ғана Жапон елінде болып, белгілі профессорлардан нейрохирургиялық күрделі операциялар жасаудың жаңа тәсілдерін меңгеріп келген. Жас маманның осындай бай тәжірибесі мен ізденісі әрі қарай біраз науқастың өміріне жәрдемші болатыны сөзсіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама