×

Алматыда сейсмикалық қауіпсіздік басқармасы құрылады

Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасына да бірқатар функция беріледі 

 Халық үні 21.02.2024 | 11:41
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматы қаласы әкімдігінде сейсмикалық қауіпсіздікті күшейтуге жауап беретін басқарма құрылады.

Мәслихат отырысында мұндай ұсынысты Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы Бейбіт Шаханов айтты.

Мемлекет басшысының сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту және қоғамдық кеңістіктерді сапалы дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін, 2 жаңа басқарма құру ұсынылады. Біріншісі – Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы. Екіншісі – Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы, - деді Бейбіт Шаханов.

Оның айтуынша, президент сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударуды және осы бағыттағы мемлекеттік органдардың қызметін түбегейлі қайта қарауды тапсырды.

Бұл басқарманың негізгі міндеті сейсмикалық қауіпсіздік стандарттарының сақталуын қамтамасыз ету, жер сілкінісі тәуекелдерін басқару, табиғи апаттар кезінде керек болатын базалық дағдыларға халықты оқытуды ұйымдастыру, сондайақ сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша төтенше жағдайлар, полиция департаменттерінің, қалалық қызметтердің және ұйымдардың жұмыстарын үйлестіру, - деді Шаханов.

Бұдан басқа, осы басқармаға қала әкімі аппаратынан жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс пен азаматтық қорғауды қамтамасыз ету саласындағы функциялар беріледі.

Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасының жұмысы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қаупін мониторингтеудің бірыңғай жүйесін әзірлеуге, сейсмоаудитті сапалы жүргізуге, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде тәуекелдерді азайту бойынша жедел және алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

Ал Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасына бірқатар қызмет беріледі:

  • Қоғамдық кеңістіктерді дамыту бойынша бірыңғай принциптер мен тәсілдерді қамтамасыз ету үшін қала басқармалары мен аудан әкімдіктерінің жұмысын үйлестіру;
  • Қоғамдық кеңістіктерді дамыту тұжырымдамаларын әзірлеу және жобалау бойынша жұмысты ұйымдастыру;
  • Қалалық маңызы бар қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту, салу және абаттандыру.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама