×

Ақтөбеде колледж оқытушысы сабақты «Смартхан» атты роботпен түсіндіреді

Ол қазақ тіліндегі сұрақтарға жауап беріп, түрлі функцияларды атқарады

 Еркеғали Болатұлы 18.02.2024 | 15:18
фото: видеодан скриншот

Ақтөбеде колледж оқытушысы Дархан Шаңбаев студенттерді ғылым мен техникаға қызықтыру үшін робот құрастырып шықты, деп хабарлады 24.kz.

Робот қазақ тіліндегі сұрақтарға жауап беріп, түрлі функцияларды атқарады. Енді мұғалім оны өз шәкірттерімен бірге одан әрі жетілдіріп, көпшілікке пайдасы тиетін көмекші құралға айналдырмақ.

Робот 1,5 ай ішінде жасалған. Сұлбасы мен көлемі толықтай Дархан Шаңбаев және 3 студенттің ойластыруымен сызылып, құрастырылған. Ал сөйлеу, жүру, басы мен аяқ-қолын қозғалтуға жауапты бөлшектер әр елдің өнімі болғанмен, оларды да бір жүйеге бағындырған.

Робот жарықты, желдеткішті қосып-сөндіруден өзге, студенттерге әр күн сайын өтетін іс-шаралар туралы да айтып отырады.

Робот көбіне дамыған елдерде, Жапония, Қытай сияқты ірі мемлекеттерден шығады. Неге қазақы робот дайындамасқа деген идея келді. Қазақша база енгізіп, оған ұялы телефоннан арнайы бағдарлама жасап, оны түсінетін құрылғы жасадық. Негізгі мақсат – әлеуметтік желіде уақыт кетіріп отырған балаларды қазіргі ғылыми техникаға қызықтыру, - дейді Дархан Шаңбаев.

Колледж басшылығы роботқа авторына ұқсас етіп, «Смартхан» деген ат қойған. Ал Дарханның өзі – техника ғылымдарының магистрі, оқу орнындағы автоматтандыру және басқару бөлімінің меңгерушісі. Франция, Германия сынды дамыған елдерде тағылымдамадан өткен ол жастардың жоғары технологияны терең меңгергенін қалайды. Себебі болашақта интернет, жасанды интеллекттің зор рөл атқаратынына сенімді.

Ол биыл студенттерден өзге, оқытушыларға да пайдасы көп тиетін жаңа робот жасап шығармақ.

Ол мамандықтар мен бірқатар сала бойынша анықтама және ақпарат береді, – дейді.

Ал өзінің қолынан шыққан «ақылды үй» және т.б. жобалары қазір әріптестерінің мақтанышына айналған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама