×

Павлодарда қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілер жауапқа тартылып жатыр (ВИДЕО)

Биыл өңірде көлік апатынан 3 адам көз жұмған

 Дәурен Ерболат 09.02.2024 | 10:10
Фото: polisia.kz

Павлодарда полиция қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерді жауапқа тартуда, деп хабарлады Polisia.kz.

Облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Ол 29 ақпанға дейін жалғасады. Мақсат – көлік апатын азайту, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында тәртіпті күшейту, жол жүру ережелерін бұзуды болдырмау.

Жыл басынан бері өңірде 36 көлік апаты тіркелді. Соның салдарынан 3 адам қаза тауып, тағы 67 адам жарақат алды. Жол-көлік оқиғасына себеп – қауіпсіздік белдігін тақпау, телефон арқылы сөйлесу.

Павлодардағы Лермонтов-Мәшһүр Жүсіп көшелерінің қиылысында полиция Toyota Camry және Lexus көліктерін тоқтатты. Жүргізушілер көлікті жүргізу кезінде телефонды пайдаланған және қауіпсіздік белдігін тақпаған. 2 жүргізуші де жауапқа тартылып, әрқайсысына 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде айыппұл салынды, – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы Максим Кустанов.

Сондай-ақ тәртіп бұзған Lada Priora жүргізушісі де жауапқа тартылды. Ол бірден 3 құқықбұзушылық жасады: қауіпсіздік белдігін тақпау, телефонмен сөйлесу және маневр жасау кезінде бұрылыс шамын жақпау. Жол ережесін бұзушыға 15 АЕК (55 380 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама