×

Үкімет лудомания туралы заңды әлі қарамай отыр – Елнұр Бейсенбаев

Депутат мұнда жемқорлық тәуекелі бар деп қауіптенеді

 Дәурен Ерболат 08.02.2024 | 17:42
Елнұр Бейсенбаев, фото: parlam.kz

Үкімет лудомания туралы заң жобасын әлі қарамай отыр. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мұнда лоббистер бар ма деп қауіптенетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттың айтуынша, кейбір ресми және бейресми деректер бойынша құмар ойындары нарығы айналымында 1 трлн теңгеден астам қаржы бар.

Аталған заң жобасы (лудомания туралы) әлі Үкіметте жатыр. Мәжіліс оны қорытынды жасауға ұсынған. Біз заң негізінде жұмыс істегенін қалаймыз. Бірақ Үкіметтің осы заң жобасын ұстап отырғанына 1,5 жыл болды. Менің Үкіметке нақты күдігім бар, - деді Елнұр Бейсенбаев Мәжілісте.

Депутат бұл деректі құзырлы органдар тексеруі керек деп есептейді.

«Қателесетін шығармын, бірақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ұсынысым бар. Үкімет неге ол заң жобасын ұстап отыр? 1,5 жыл болды. Мұнда жемқорлық тәуекелі бар деген күдік туындайды. Адамдардың қандай да бір мүддесі бар болуы мүмкін. Бүкіл букмекерлік кеңсе, лотерея бизнесімен айналысатын көптеген адам аталған заң жобасын «сіздерге өткізбейміз» деп айтатын көрінеді. Олардың үлкен ақша ұсынғысы келетіні айқын», - деді ол.

Елнұр Бейсенбаев аталған мәселені Үкімет басшысы болып жаңадан тағайындалған Олжас Бектеновке жеткізетінін айтты.

«Жемқорлық қайда жасырынып жатыр дейміз. Қоғамға өте қажет заң жобасын кідіртіп отыр. Біз құмар ойын ойнайтындардың жасын жасын 25-ке дейін шектегіміз келеді. Президент тапсырма берді, AMANAT фракциясында талқыланды. Бірақ заң жобасы әлі тоқтап тұр. Ортақ пайымға келе алмай отырмыз? Мен мұнда үлкен көлеңкелі мүдделер бар деп (10%) есептеймін. Жаңа премьер-министр Олжас Бектеновтің алдында осы тапсырманы міндетті түрде қоямыз. Алдымызда Үкімет өкілдері отыр. Өтініш, осы жұмысты қолға алыңыздар», - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама