×

Ақтөбе облысында қар құрсауында қалған адамдар құтқарылды

ТЖД жүргізушілерге ескерту жасады

 Динара Амантай 05.02.2024 | 17:40
Фото: Ақтөбе обл. ТЖД баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында қар құрсауында қалған адамдар құтқарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Өткен тәулікте ауа райының нашарлауына байланысты Ақтөбе облысының Ақтөбе қаласы және Қарғалы, Байғанин, Хромтау аудандарында апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Құтқарушылар қар құрсауында қалып қойған жүргізушілерге көмекке келді.

Бүгін «Хромтау-Бадамша» тасжолында ауа райының нашарлауына байланысты қар құрсауында автокөліктердің тұрып қалғаны жөнінде ақпарат түсті. Нәтижесінде құтқарушылар күшімен 4 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды. 51 адам эвакуацияланып, Хромтау қаласы және Бадамша ауылына жеткізілді. Жағдайлары жақсы. Медициналық көмекті қажет етпеді, – делінген облыстық ТЖД хабарламасында.

Ведомство өкілдері жүргізушілерге көліктің жағдайын мұқият тексеріп, жолдың жағдайы туралы ақпаратты қадағалап барып шығу қажеттігін ескертті.

«Дабылды ескертулерді алған кезде, әсіресе, түнде және ауа райы нашарлағанда кішкентай балалармен елді мекендерден тыс сапарға шықпай, ұзақ қашықтыққа жаяу жүрмеуі қажет. Қоғамдық көлік пен дизельді қозғалтқышы бар автокөлік иелері қауіпсіздік шараларын қатаң сақтағаны жөн», – дейді құтқарушылар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама